120-дан астам автокөлік, 30-дан аса ет өткізу орны және 90-ға жуық шаруа қожалығы. Осы аталғанның бәрін полиция қызметкерлері 3-ші наурыздан бастап тексерді. Солтүстік Қазақстан облысында “Мал ұрлығы” жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Оған ветеринарлар да қатысуда.
Саудаға әкелінген өнімнің ілеспе құжаты болуы тиіс. Сонымен қатар, ветеринарлық бақылаудан өтуі қажет. Себебі, тексерілмеген ет ұрланған малдыкі болуы мүмкін және қауіпсіздігі дәлелденбесе, адам денсаулығына қауіп төндіруі де ықтимал. Мамандар шара барысында осы сияқты талаптарға ерекше назар аударады.
НАРИМАН ХАЛИМУЛИН, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясы бөлім басшысының міндетін атқарушы:
— Шара 5-ші наурызға дейін жалғасады. Жыл басынан бері полицейлермен бірлесіп 90-ға жуық рейд өткіздік. Оның барысында 70-тен астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Мұндай тексеріс жұмыстары әлі де жалғасын табады.
Сонымен қатар, “Мал ұрлығы” жедел-профилактикалық шарасы барысында полицейлер малдарын қараусыз қалдырған 26 тұрғынды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Мамандар төрт түлік ұрылардың оңай олжасына айналмас үшін үнемі бақылап отыру қажеттігін алға тартады.
Мәдина Қаби
