Петропавлдағы №29 жалпы білім беретін мектепте «Ұлттық ойын – рухани күш» тақырыбында танымдық әрі спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Ұлттық мұрамызды дәріптеуге бағытталған шара барысында оқушылар ата-бабадан жеткен ойын түрлерімен танысып, өзара шеберлік сынасты. Бағдарламаға асық ату, бесасық, ләңгі және тоғызқұмалақ енген. Асықпен қатар, тоғызқұмалаққа да қызығатын оқушылар аз емес. Солардың бірі – Екатерина Федоренко. Ол бірнеше жыл бұрын ойлауды дамытатын ойынды меңгеріпті.
ЕКАТЕРИНА ФЕДОРЕНКО, қалалық №29 жалпы білім беретін мектептің оқушысы:
— Менің тоғызқұмалақ ойнап жүргеніме 5 жыл болды. Үйренген күнім есімде, бірден ерекше әсер қалдырды. Уақыт өте тәжірибе жинақтап, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік туды. Қалалық және облыстық турнирлерде бақ сынап, өз шеберлігімді шыңдадым. Бұл ойын ойлау қабілетімді дамытып, шыдамдылық пен есепке жүйріктікті қалыптастырды.
Оқушылар тек зияткерлік ойындармен шектелмей, қимыл-қозғалысқа негізделген ұлттық ойындарға да белсенді қатысты. Соның бірі – ләңгі тебу. Бұл ойын ептілік пен шапшаңдықты талап етеді. Ойынның негізгі шарты – ләңгіні аяқтың ішкі жағымен мейлінше көп тебу. Тура доп тепкенмен бірдей. Бірақ мұнда ләңгінің көлемі айтарлықтай кішкентай.
МӘДИ МӘКЕНОВ, қалалық №29 жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі:
— Ләңгі – көнеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Бүгінде осы дәстүрлі ойынды жастар арасында қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өкінішке қарай, қазіргі балалардың барлығы бірдей бұл ойын туралы біле бермейді. Көбіне ауылда өскен балалар ғана таныс. Сондықтан қазір мектепте әр үзіліс сайын, кейде сабақтан тыс уақытта оқушыларға ләңгі ойнаудың қыр-сырын үйретіп жүрміз.
Мұндай басқосулардың тәрбиелік мәні зор. Ұлттық ойындар арқылы оқушылар өзара сыйластықты, әділ бәсекені және бірлік пен ынтымақты сезінеді. Сонымен қатар, мәдениетке, тарихи мұраға қызығушылықты арттырады.
РАХИЯ ҚОЖАНОВА, қалалық №29 жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасары:
— Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларды өзара адал бәсекелестікке тәрбиелеу және ұлттық ойындардың маңызын насихаттау. Сонымен қатар, «Адал азамат» бағдарламасы аясында оқушылардың бос уақытын мазмұнды әрі пайдалы өткізуіне ерекше көңіл бөлінеді. Осы бағытта түрлі тәрбиелік және спорттық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойнатылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай ұлттық құндылықтарды насихаттайтын шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бүгінде қалалық №29 мектепте 700-ден астам бала білім алуда.
Жангельді Жамалиев
