Sailau banner

Мәдениет

Өнерде ұлықталған қазақ әйелінің бейнесі

Киіз үй жанындағы ана, тұлпар жетектеген қыз, гүл ұстаған нәзік бейне. Осындай түрлі образдар қылқалам арқылы бейнеленіп, көрермен назарына ұсынылды. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың өнер бөлімінде «Қазақ әйелінің бейнесі» атты көрме өтті. Экспозицияға онға жуық картина қойылып, онда ұлттық болмыс пен әйел сұлулығы әр қырынан көрсетілді.

ГҮЛНӘР АҚЖІГІТОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім жетекшісі:

— Осындай іс-шараларды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – жастарға, жалпы өскелең ұрпаққа көркемөнер туындыларының сұлулығы мен эстетикасын сезіндіру. Себебі, бұл көрмеде отандық әйгілі суретшілер – Сахир Романов, Әбілхан Қастеев, Күлфайруз Ысмайылова сынды қылқалам шеберлерінің еңбектері ұсынылған. Аталған суретшілер өз шығармалары арқылы қазақ әйелінің болмысын, сұлулығы мен рухани күшін айшықтай білді.

Көрме тек суреттермен шектелген жоқ. Көпшілік назарына декоративті-қолданбалы бұйымдар да ұсынылды. Қолдан тоқылған ойыншықтар, түрлі аксессуарлар мен шағын бұйымдар келушілердің қызығушылығын арттырды. Әр туындыда шебердің талғамы мен қол еңбегінің нәзік ізі байқалады.

АЛМА МАХАМЕТОВА, “Қазақ аналары – дәстүрге жол” ҚБ СҚОФ төрағасы:

— Әйел – үйдің ұйытқысы. Қай салада болсын, әйелдің орны әрдайым бөлек. Әйелді сыйлай білген ер адам әрқашан биік дәрежеге жетеді деген сөз бар. Сондықтан, менің айтарым – Қазақстанның әйелдері бірлік танытып, барымызды бағалап, бақытты өмір сүру үшін осындай ауқымды іс-шаралар өткізіп, белсенді түрде қатысуымыз керек. Мұндай шаралар арқылы өз ұжымымызды таныстырып, қоғамға өз орнымыз бар екенін айқын көрсетеміз.

Көрмеге өз қолөнерін алып келгендердің бірі – қала тұрғыны Любовь Медведева. Ол 20 жылға жуық уақыттан бері тоқымамен айналысады. Кезінде кішкентай қызына ойыншықтарды дүкеннен сатып алмай, өзі жасап беріп отырған. Сол әдет біртіндеп сүйікті ісіне айналыпты. Бүгінде оның қолынан шыққан бұйымдар түрлі көрмелерде көрсетіліп келеді.

ЛЮБОВЬ МЕДВЕДЕВА, қолөнерші:

— Өмірімде жарқын бояулардың көп болуын қаладым. Таңертең тұрамыз, жуынамыз, жұмысқа барамыз. Жұмыстан келген соң отбасыға ас әзірлеп, үй жинап, кір жуу сияқты тірліктер күтіп тұрады. Бір-біріне ұқсас күндер шаршау сезімін береді. Өміріме өзгеріс енгізіп, оны түрлі түсті етіп, бір серпін қосқым келді. Сол себепті, әртүрлі ойыншық, бөкебай, басқа да бұйымдарды тоқумен айналыса бастадым.

Көрме Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылды. Шара барысында келушілер сурет өнері мен қолөнер туындыларын тамашалап қана қоймай, қазақ әйелінің бейнесі мәдениет пен шығармашылықта қалай көрініс табатынын тағы бір мәрте сезінді.

Жангельді Жамалиев