Sailau banner

СҚО әкімдігі

Облыс әкімі су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша кеңес өткізді

Облыста ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу үшін біріккен жедел жасақ құрылған. Оның құрамында 2 мыңнан астам маман мен шамамен бір жарым мың техника бар. Тайынша ауданына жұмыс сапары барысында өңір басшысы жедел әрекет ету жасағының саптық құрылымын тексеріп, арнайы техникаларды көрді. Кейін Ғауез Нұрмұхамбетов Тайынша, Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандарының әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:

— Қауіпті аймақта орналасқан 12 елді мекен бақылауға алынды. Су басу қаупі бар 87 үйде 236 адам тұрады. Қорғаныс үшін ұзындығы 3 шақырым болатын бөгет, 75 шақырым су өткізу құбырлары және 30 тонна инертті материал дайындалған.

ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:

— Су басуы мүмкін учаскелер мен халықты уақытша орналастыру орындары анықталды. Зардап шеккен тұрғындарды эвакуациялауға арналған көлік дайын. Ауданда 5 елді мекенді су басу қаупі бар.

“Өңірде су тасқыны қаупі орташа деңгейде болғанымен, босаңсуға болмайды. Негізгі қауіп көктемгі тасқынмен байланысты”, – деді облыс әкімі. Синоптиктердің мәліметінше, өңірде 112 елді мекенді су басу қаупі бар. Қыс мезгілінде су айдындарында қалың мұз қабаты қалыптасқан.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, «Қазгидромет» РМК филиалының директоры:

— Қар жамылғысының қоры наурыз айының ортасына дейін жинала береді. Гидрологиялық бақылау жүргізілмейтін аумақтарда еріген су көлемі атмосфералық жауын-шашын деректері негізінде болжанды. Уәлиханов ауданында еріген су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 74 пайызға дейін артуы мүмкін. Ал Аққайың, Тайынша және Ақжар аудандарында бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін жетуі ықтимал.

Жағдай тұрақты бақылауда. Өңір басшысы барлық қажетті шараларды уақытылы қабылдауды, қар тазалау және су өткізу жүйелерін тазарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Елді мекендер мен қолда бар техникаларды толық түгендеуді аяқтау қажет. Қажет болған жағдайда ауыр техниканы жалға алу туралы келісімшарттар жасалсын. Барлық су өткізу құбырлары мен каналдарды тазалап, инертті материалдардың жеткілікті қорын қамтамасыз ету керек.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өңір басшысы аудан әйелдерімен кездесіп, оларды мерекемен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Сіздерді келе жатқан мерекемен Солтүстік Қазақстан облысының барлық ер-азаматтарының атынан құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, табыс, бақ-береке тілеймін.

Тайынша ауданының әйелдері қоғамдық өмірге белсенді қатысып, жас ұрпақты тәрбиелеу мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға зор үлес қосып келеді. Кездесу барысында олар азаматтық ұстанымдарын білдіріп, өнерлерін де көрсетті. Сапар барысында өңір басшысы облыстың құрметті азаматы, еңбек ардагері Қазиза Құжановамен де кездесті. Ол 26 жылдан астам уақыт тракторшы болып еңбек етіп, өңірдегі алғашқы әйел механизаторлардың бірі атанған. Сондай-ақ, Ғауез Нұрмұхамбетов «BioOperations» компаниясының қызметкерлерімен кездесіп, өндірістік жоспарлар мен алдағы референдум мәселесін талқылады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Жаңа Конституция – әрбір азаматтың мүддесіне қызмет ететін басты құжат. 15-ші наурызда еліміздің болашағына қатысты маңызды шешім қабылданады. Бұл – қоғам тұрақтылығы үшін маңызды қадам.

Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, осындай өндірістердің дамуы – жаңа Конституцияда бекітілген әлеуметтік әділетті мемлекет құру қағидаттарының нақты көрінісі.

ОҢҒАР НҰРТАЕВА «BIOOPERATIONS» ЖШС лаборанты, Тайынша ауданы:

Жаңа Конституция жобасы әділетті қоғам құрудың берік іргетасы, онда адам құқығы мен қадір-қасиеті, отбасы мен әлеуметтік әділдік басты назарға алынған. Біз жергілікті деңгейдегі ұйымдар мен еңбек ұжымдары, осы құндылықтарды қолдап, қоғамда тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға өз үлесімізді қосамыз.

Сондай-ақ, өңір басшысы «Lera NORD»ЖШС инвестициялық жобасының жүзеге асуымен танысты. Кәсіпорын сүт өңдеуден бастап ірімшік өндіруге дейін толық цикл бойынша жұмыс істейді. Өткен жылы жылына 600 тонна өнім өндіруге мүмкіндік беретін ультрапастерлеу цехы іске қосылған.

АРТЕМ САМОЙЛЕНКО, «LERA NORD» ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

— Өткен жылы шамамен 50 тонна сары май өндіріп, жөнелттік. Қазіргі уақытта кәсіпорында 23 адам жұмыс істейді. Жыл сайын өндірісті ұлғайтуға тырысамыз.

Тайынша ауданында әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға арналған 18 пәтерлі жаңа үйдің кілттері табысталды. Бұл – әр отбасы үшін тек баспана ғана емес, жаңа өмірге бастар мүмкіндік.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Өткен жылы аудан әкімі Берік Ақылжанұлымен осы учаскеде болып, жаңадан осы құрылысты бастадық. Биыл бәріміз бірге осындай қуанышқа куә болып отырмыз. Енді осы үйлерде баршаңызға тілейтінім тек қана денсаулық. Отбасыларыңыз аман болсын, балаларыңыздың, немерелеріңіздің қуаныштарын қызықтап, мақсаттарыңызға жете беріңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Снежана Пославская тұрғын үй кезегінде 11 жыл тұрған. Үш бала тәрбиелеп отырған ана үшін үш бөлмелі жаңа пәтер Халықаралық әйелдер күні қарсаңындағы ең үлкен сый болды.

СНЕЖАНА ПОСЛАВСКАЯ, Тайынша ауданының тұрғыны:

— Ана ретінде мен өз міндетімді орындадым деп ойлаймын. Енді өз шаңырағымыз бар. Балаларымды сеніммен қарсы алатын үйіміз болғанына өте қуаныштымын.

Өңір басшысы жаңа пәтерлерді аралап көріп, тұрғындардың тұрмыс жағдайымен танысты және қоныс той иелеріне бақыт, береке және жаңа үйде жайлы өмір тіледі.