М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да болашақ талапкерлерге арналған кездесу өті. Ашық есік күнінің басты мақсаты – мектеп түлектерін жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларымен және мүмкіндіктерімен жан-жақты таныстыру.
ГҮЛМИРА ОСПАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау департаментінің директоры:
— Бүгінде университет 86 оқу бағдарламасын ұсынады. Өткен жылы 5600-ге жуық талапкер құжаттарын тапсырды. Олардың 2600-і қазір оқу орнымыздың қабырғасында білім алуда. Жыл сайын университет түлектерінің 97 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады. Бұл өте жоғары көрсеткіш саналады.
Университеттің халықаралық бағыттағы ең ірі жобаларының бірі – АҚШ-тың Аризона штатындағы серіктес жоғары оқу орнымен жүзеге асырып жатқан екідипломдық білім беру бағдарламасы. Студенттеріміз бір семестр бойы Аризонада білім алып, шетелдік профессорлардың дәрістеріне қатысып, халықаралық академиялық ортада тәжірибе жинақтады. Бүгінгі шараға мұхиттың ар жағындағы университеттің өкілдері де қатысты.
РИКИ САЛАЗАР, Аризона университетінің Орталық және Оңтүстік Азия өңіріндегі мәселелері бойынша бас директоры:
— Біз Қозыбаев университетімен 4 жыл бойы әріптестік қарым-қатынастамыз. 4 білім беру бағдарламасын ұсынамыз. Осылар бойынша 400-ге жуық студент оқып жатыр. Әрине, жақын болашақта бұл санды барынша көбейтуге тырысамыз. Осы жылы 200-ден аса талапкерді күтіп отырмыз.
Сонымен қатар, биылдан бастап академиялық ұтқырлық барлық факультеттерде қолжетімді болды. Бұрын бұндай мүмкіндік болмаған еді. Енді студенттер Латвия, Польша, Түркия, АҚШ, Қытай секілді 40-тан астам елде білім алып, тәжірибе жинақтай алады. Бұл талапкерлерді қызықтырады.
— Мен агроном мамандығы бойынша осы университетке түскім келеді. Оқу орны ең жақсы мүмкіндіктер ұсынады. Менің ағам да агроном. Жалпы, бұл мамандыққа бұрыннан бері қызығып жүрмін”.
— Мен математика-информатика бағытын таңдадым. Осы университетке түссем деп отырмын. Себебі, жаңартылған зертханалары мен жабдықтары қызықтырады. Осында сапалы білім аламын деп ойлаймын.
Жаннұр Бектұрғанова
