Sailau banner

Мәдениет

Ыбырай Алтынсарин әлемі және өңірде алғаш мектептің ашылуы туралы

Биыл қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толады. “Кел, балалар, оқылық” деп қарагөз ұл-қыздарды білімге шақырған нар тұлғаның мерейтойына орай Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп қабырғасында жиын ұйымдастырылды. “Асыл мұра” орталығының бастамасымен өткен отырыста белгілі өлкетанушы Дәстен Баймұқанов сөз сөйледі. Ол ұлағатты ұстаздың өміріне, ілкімді істеріне және өңірімізде ашылған тұңғыщ мектеп жайлы баяндады.

ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНОВ, “Асыл мұра” орталығының ғылыми қызметкері:

— Петропавл қаласында 1798 жылы мешіт ашылған. Сол мешіттің жанында медресе жұмыс істеді. Медресе тек діни білім емес, алгебра, астрономия, география, логика деген ілімдерді үйретті. Жамбыл ауданының қазіргі Новорыбинка ауылының аумағында бұрын Қарабұқар деген ауыл болған, сол жаққа келген саудагерлер де мешіт ашып, медресе салған. Бұл медресе “Күрпеш медресе” деп аталып кеткен. Осындай бастамалар біздің жерде де болған.

Кездесу барысында оқушылар ашық пікір алмасып, Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметін тереңнен білді. 11-сынып оқушысы Әсел Хабдул өз ойын ортаға салды, ұлы ұстаздың мұрасы жастарға үлгі екенін жеткізді.

ӘСЕЛ ХАБДУЛ, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің оқушысы:

— Мен ол кісіні балалардың “Кел, балалар, оқылық” деп құштарлықтарын ашқан алып тұлға ретінде санаймын.

Ыбырай Алтынсариннің еңбегі – мәңгілік мұра. Ұйымдастырушылар кездесу соңында Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жолы әлі де талай буынға бағыт-бағдар берерін айтып өтті.