Өңірде «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің түсірілімі басталды. Тарихи әрі шытырман оқиғаға толы туынды жылқыны алғашқы қолға үйреткен Солтүстік Қазақстан облысы жайлы болмақ. Сюжеттік желіге сәйкес, негізгі оқиға қазіргі заманда өрбитін болады. Шығарманың режиссері – Андрей Авдеев. Оның сөзінше, фильмге жергілікті актерлер де түседі.
АНДРЕЙ АВДЕЕВ, «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің режиссері:
— Өткен жылдың жазынан бастап біз осы фильмді таспалауға дайындық жұмыстарын жүргіздік. Алдын ала түсірілім болатын локацияларды таңдадық, кастинг өткіздік. Туынды Ұлттық киноны қолдау орталығының демеуімен түсіріліп жатыр. Жобаға 300 млн теңге бөлінген. Біз өткен мен бүгінгіні сабақтастырғымыз келеді. Ежелгі ғасырларға сапар жасаймыз. Шытырман оқиғалар да қамтылады.
Фильмнің алғашқы кадрлары түсірілді, енді кезек кино саласында дәстүр болып қалыптасқан рәсімге келді. Ол – түсірілім тобының жазулары бар тәрелке сындыру. Тәрелке сынды. Енді фильмнің басы-қасында жүрген жандар сынықтарды өздеріне алып, естелік ретінде сақтайды. Түсірілім алаңында «Ботай. Ғайып ғалам» туындысына түсетін негізгі актрисалардың бірі Аида Құрманғалиева да жүр. Ол Жібек есімді кейіпкердің рөлін сомадайды.
АИДА ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, актриса:
— Жібек – тарихты қатты жақсы көретін және тарих кафедрасында білім алатын қыз. Ол өте нәзік, бірақ сонда да қайсар мінезі бар бойжеткен болады.
Сонымен қатар, фильмде Ботай мәдениетінің әлемге танылуына себепкер болған жандардың бірі Анатолий Плешаков та бой көрсетеді. Археолог кинокартинада өз-өзін сомдайтын болады. Айта кетейік, тарихи туынды қалың көрерменге ағымдағы жылдың желтоқсан айында жол тартады.
Ұлан Ыдырыс
