Sailau banner

СҚО әкімдігі

Облыс әкімі су тасқынына дайындық жұмыстарымен танысты

Облыста су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов қауырт кезең алдында бөгеттердің жай-күйін тексеріп, автожол өткелінің құрылысымен танысты. Аймақ басшысы ең алдымен Тепличное ауылында болды. Мұндағы қорғаныс үйіндісі қалыңдығы 1 жарым мм болатын ылғал мен аязға төзімді геомембранамен нығайтылуда. Сонымен қатар, ұзындығы 4 шақырымға жуықтайтын аумақ заманауи материалмен қапталмақ. Облыс әкімі барлық жұмысты 10-шы наурызға дейін аяқтауды тапсырды.

Прибрежное ауылындағы бөгеттің ұзындығы 5 шақырымды құрайды. Жоба құны – 3,3 млрд теңге. Қазіргі таңда жұмыс толық аяқталған. Ал Бескөл ауылында ұзындығы 6 шақырымға жуықтайтын бөгеттің құрылысы жүріп жатыр. Маңызды іске 1,6 млрд теңге бөлінген.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ: Қызылжар ауданының әкімі:

— Қысқы жұмыстар толық аяқталды. Қазіргі уақытта шамамен ипподром маңында плиталарды төсеу жұмыстары жүргізілуде. Техникалық кеңестер өткізіп, қажетті инженерлік шешімдер қабылданды.

Қазіргі таңда Қарғалы аралындағы кіреберіс автожолға көпір салынып жатыр. Оның ұзындығы 2 шақырымды құрайды. Жоба құны – 4,3 млрд теңге. Жоспар бойынша құрылыс 10-шы наурызға дейін аяқталуы тиіс.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

— Жобаның жалпы құны – 4,3 млрд теңге. Өткен жылы дайын материалдар үшін 500 млн теңге бөлінді. Биылға 2 млрд теңге қарастырылған. Оның 600 млн теңгесі серіктестікке алдын ала төлем ретінде берілді. Жоба бойынша 40 дана қадалы іргетас орнатылуы тиіс.

Айта кету керек, көпір көктемгі су тасқыны кезінде Прибрежное ауылы тұрғындарының көлік қатынасы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.