Апталық аясында көрермендерге «Капитан Байтасов» фильмі де ұсынылды. Ерлік пен қызметке адалдықты арқау еткен бұл туынды жастар мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған тағылымды дүние десек болады.
АЙСҰЛУ ҚАЛИАҚПАРОВА, көрермен, Ғ.Мүсірепов ауданы:
— Мен үшін бұл фильм ерекше маңызды. Туындыда адамдар өз халқы үшін батыл әрекет етті, қиындыққа мойымады. Осындай еңбектерді барлығымыз көруіміз қажет. Патриоттық сезімді оятады, дұрыс шешім қабылдауға үйретеді және адалдыққа тәрбиелейді. Көрген жан өз қоғамына пайдасын тигізіп, айналасына жақсы әсер қалдырып, өзгелерге көмектескісі келеді.
«Капитан Байтасов» фильмі өмірлік оқиға негізінде түсірілген. Туынды барлық көрерменнің жоғары бағасын алды.
ШАМИЛЬ ИЗТУЛИН, Ғ.Мүсірепов аудандық ПБ учаскелік полиция инспекторы:
— Бүгін бізде өте мағыналы іс-шара өтті. Біз «Капитан Байтасов» фильмін тамашаладық. Бұл фильм біз үшін үлкен үлгі болып табылады. 2011 жылғы қарашада Тараз қаласында болған лаңкестік әрекетке тойтарыс берген батырлық оқиға баяндалған. Осы фильм арқылы жас мамандардың бойында, сондай-ақ өзімізде де патриоттық сезім қалыптасады. Фильмнің көрсетілімін ұйымдастырған барлық адамдарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз.
Қазақстан киносының апталығы наурыздың 9-шы жұлдызына дейін жалғасады. Көрермендерге отандық 10 фильм көрсетіледі.
