Ғабит Мүсірепов ауданының орталығында «Digital Zerde» цифрлық музейі мен IT-орталығы ашылды. Екеуі бір ғимаратта орналасқан. Тың жоба – жергілікті тарихи мұраны заманауи технологиямен ұштастырған алғашқы бастамалардың бірі. Яғни, өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда келушілер жәдігерлерді тамашалап қана қоймайды, цифрлық құралдар арқылы зерттей алады. Ал IT-орталықта жастар бағдарламалау негіздерін меңгереді. Бұл – ауылдағы қыз-жігіттер үшін болашақ мамандыққа бастар нақты қадам.
ЕРАСЫЛ МҰХТАР, бағдарламалау курсының тыңдаушысы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
— Мен бұл жерде бағдарламалау тәсілдерін меңгеріп, түрлі сайттар құрастыруды, код жазуды және заманауи IT бағыттарын игеріп жүрмін. Болашақта осында білімімді тереңдетіп, білікті маман атанып, жаңа цифрлық өнімдер мен тың жобалар әзірлеуді көздеймін. Жинақтаған тәжірибем арқылы қоғамға пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға атсалысқым келеді.
Жер-жерде мұндай IT-орталықтардың ашылуы – білім мен мүмкіндікті ауылға жақындатудың тиімді жолы. Бұл бастама шалғайда орналасқан жастардың дамуына мүмкіндік береді. “Бұлақ көрсең, көзін аш” дегендей, Мағжан сенген ұрпақты белестерге жетелейді.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:
— Біз Қазақстан киносының апталығын цифрлық музей мен аудандық IT-орталықтың ашылуымен байланыстырып отырмыз. Себебі, дәл осы бастамалар шығармашылық әлеуетті дамытуға, білімді әрі белсенді жастарды тәрбиелеуге жол ашады. Келешекте олар өз күш-жігері мен білімін елдің дамуына бағыттай алады. Бұл – жаңа Конституция ұсынған қағидаттармен үндес қадам. Ата заңымыз баршаға тең мүмкіндік беруді, әділдік пен бірдей жағдай жасауды көздейді.
Шара барысында тарихи бағыттағы тағы бір жоба таныстырылды. Қонақтарға «Ботай. Ғайып ғалам» фильмі бойынша презентация ұсынылды. Бұл бастама еліміздің көне өркениеттерін қазіргі заман тілімен жеткізуді мақсат етеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл соңына дейін толықметражды фильм түсіріледі. Фильмге іріктеу республика көлемінде өткен. Кастингке кәсіби актерлермен қатар, өнерге жақын жандар да қатысыпты. Солардың арасынан жерлесіміз, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері Нұрбол Асқаровтың бағы жанды.
НҰРБОЛ АСҚАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:
— Солтүстік Қазақстан облысынан, Петропавлдан көптеген адамдар қатысты. Актерлер де, қарапайым адамдар да болды. Солардың ішінен бақ бізге бұйырған екен. Мен екі-үш кезеңнен өттім: арнайы видео түсіруін сұрады, оны толық жібердім, кейін «өттің» деген хабар келді. Қатты қуаныштымын.
Қазақстан киносының апталығы – ұлттық киноны кеңінен насихаттауға арналған жоба. Ол ауыл тұрғындарына отандық туындыларды тамашалауға мүмкіндік беріп, мәдени кеңістікті кеңейтеді.
ҚҰРМАНБЕК ЖҰМАҒАЛИ, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕ АҚ Басқарма төрағасы:
— Қазақстан киносының апталығы өткен жылы да ұйымдастырылды, республика бойынша шамамен 2 млн адамды қамтыған еді. Биылғы басты мақсатымыз – отандық фильмдерді ауылдарға жеткізіп, әрбір қазақстандық көрерменнің көруін қамтамасыз ету. Сол себептен апталықты Ғ.Мүсірепов ауданынан бастауға шешім қабылдадық, осыдан кейін Қазақстанның басқа аймақтарында да іс-шаралар жалғасады.
Жангельді Жамалиев
