Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтарСпорт

Чемпиондардың анасы: Юлия Шумекова құттықтау қабылдады

СТЕНДАП: ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:

— Біз чемпион туған топыраққа табан тигіздік. Бұл жерде жақында ғана әлемнің абсолютті чемпионы атанған аруымыз өмірге келген. Кім екенін біліп тұрған да шығарсыздар. Ол – конькимен жүгіруші Кристина Шумекова. Ел мақтанышын өмірге әкеліп, тәлім-тәрбие берген анасымен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында арнайы қауышпақпыз.

Қазақ “Шеше көрген тон пішер” деп бекер айтпайды. Чемпиондарды өмірге әкелген Юлия Шумекова – Шал ақын ауданы Повозочное ауылындағы конькимен жүгіру үйірмесінің жетекшісі. Ол – таланттар мекеніне айналған елдімекендегі балаларға тәлім-тәрбие береді. Құрмет-қошеметке әбден лайық. Юлия Шумекова – жеңіл атлет. Кезінде талайды шаң қаптырып, мойнына сыңғырлаған медаль тағылыпты. Осы қасиет қыздарына дарығандай. Оның 3 аруы да ел абыройын асқақтатып жүрген бұрымдылар саналады. Барлығы – коньки спортының белді өкілдері.

ЮЛИЯ ШУМЕКОВА, спортшы Шумековалардың анасы:

— Мен алдымен үлкен қызым – Инессаны жаттықтыра бастадым. Оның нәтижелерін көргеннен кейін егіздер – Алина мен Кристина қосылды. Барлығы коньки тебуді 4-5 жастан үйренді. Ауылда мүмкіндік аз. Тек қыста ғана коньки тебе аласың. Ашық аспан астындағы алақандай ғана хоккей кортында жаттықтық. Ал жазда жүгіруге машықтандырдым. Осылар қосыла келе спорттық база пайда болды. Қыздарым шамамен 6-шы сыныпта спорт мектебіне ауысты.

Бойдағы талант, төгілген тер, ана мен білікті мамандардың ақыл-кеңесі. Бұлар бір үйдің 3 қызын алға сүйреді. Жақында Кристина Шумекова жасөспірімдер арасында әлемнің абсолютті чемпионы атанды. Ауылда туып, әлемдік аренада атой салған сұлуды Мемлекет басшысы құттықтады.

ЮЛИЯ ШУМЕКОВА, спортшы Шумековалардың анасы:

— Бұл біз үшін күтпеген, ерекше жетістік болды. Әрине, жақсы нәтиже болатынын білдік, бірақ мұндай деңгейде болар деп ойлаған емеспіз. Өте қуаныштымыз. Толығырақ айтсам, бұрын Кристина 500 метрге жүгірген жоқ. Соған қарамастан ол жеңіске жетті. Техникалық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да өзінің мықтылығын дәлелдеді, өзінің жеке рекордын жаңартты.

Ауылдың атын шығарған Шумековтар әулеті тұрғындар арасында сыйлы. Қазір отбасында 3 қыздан кейін Богдан есімді ер бала өсіп келе жатыр. Конькимен жүгіру үйірмесінде жаттығатын жеткіншек апаларынан асып түскенді қалайды.

Жангельді Жамалиев