Бұл – жас та болса үстеріне қызметтік форма киіп, шен таққан балалар. Олар – Мамлютка қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының оқушылары. Осыдан 3 жыл бұрын аталған білім ұясында “ЮИД-Контроль” жас испекторлар командасы құрылған. Былтыр ғана топ мүшелері аудандық, облыстық кезеңдерден оқ бойы оза шауып, Өскеменде өткен 20-шы халықаралық Ғазиз Байтасов атындағы жас инспекторлар қозғалысының слетінде 3-ші орын иеленді.
НҰРЛЫБЕК ОСПАНОВ, Мамлют ауданы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы:
— Бұндай топтардың ашылу себебі ішкі істер министрлігінен нұсқау келіп түскен болатын. Соның арқасында біз осындай топтар құрып, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз.
Алена Ковльчук – “ЮИД-Контроль” жас инспекторлар командасының капитаны. Мектеп оқушысының айтуынша, топтағы барлық қатысушының өзіндік бағыты мен тапсырмасы бар. Яғни, біреуі жол қозғалысын реттеуді үйренсе, енді бірі жол жүру ережелерін жаттайды. Ал Алена алғашқы медициналық көмек саласына жауапты болған екен.
АЛЕНА КОВАЛЬЧУК, мектеп оқушысы, Мамлют ауданы:
— Мен өз басым алғашқы медициналық көмекті қалай дұрыс көрсетуге болатынын үйрендім. Өскемендегі сайыста біз берген тапсырмаларды уақытылы орындап, қойылған сұрақтарға дұрыс жауап бердік. Слет өте қызық өтті, оған шетелден келген командалар да қатысты. Біздің құрама 3-ші орын алған кезде өз құлағыма өзім сенбедім, бірақ бағдарламамыз төрешілердің көңілінен шыққан екен. Еңбек ақталды.
Аталмыш сайыста өнер көрсеткен жандардың тағы бірі – Альмира Адилова. 8-сынып оқушысы жол қозғалысының тәртібіне жауапты. Яғни, ол арнайы жол қауіпсіздігі ережелерін жаттап, сайыста сұрақтарға жауап берген. Қазірдің өзінде Альмира өзінің жиған білімін мектеп қабырғасындағы балалармен бөлісіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
АЛЬМИРА АДИЛОВА, мектеп оқушысы, Мамлют ауданы:
— Біз мектепте әртүрлі тренингтер өткізіп, мектеп оқушыларына жол жүру ережелерін түсіндіреміз. Сайысқа өте сапалы дайындық жүргіздік, өзіме бұл процесс қатты ұнайды. Биыл аталмыш жарыстың кезекті аудандық кезеңі өтеді. Оған арнайы бағдарламамыз бар. Өткен жылғы көрсеткішті жаңартқымыз келеді. Өз басым болашақта полиция қызмектері болуды армандаймын.
Айта кетейік, қазіргі таңда Мамлют ауданыда 12 жас инспекторлар командасы бар. Олардың ішіне 40-қа жуық бала кіреді.
Ұлан Ыдырыс
