Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов тұрғындар алдында есеп берді. Жақында ғана шаһардың бас тәртіп сақшысы атанған подполковник әр салаға тоқталды. Ал қамтитын бағыт жетерлік. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс орталығында тіркелген заң бұзушылықтардың жалпы саны 11,8 пайызға төмендеген. Қылмыстардың ашылу деңгейі 61,8 пайызды құрап отыр.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ, Петропавл қалалық ПБ бастығы:
— Полиция басқармасы әр бағытқа ерекше назар аударады. Былтырғы жұмысқа толығырақ тоқталсам, өткен жылы қасақана адам өлтіру деректері 22,2 пайызға азайды. Яғни, 9-дан 7-ге кеміді. Ауыр дене жарақатын келтіру фактілері 3,9 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, бопсалау қылмыстары 18,8 пайызға азайғанын көреміз. Қала көшелері мен қоғамдық орындарда 1863 қылмыстық оқиға зерттеліп, қауіпсіздікті сақтау үшін жаяу патрульдеу маршруттары қаралды. Жеке құрам қылмысы белсенді учаскелерге жіберілді. Бұл қолда бар күштер мен құралдарды тиімді әрі уақтылы пайдалануға мүмкіндік берді.
Алқымнан алып, аяқтан шалар алаяқтармен күрес жалғасуда. Жар астында жасырынған жаудай кез келген сәтте “шабуыл” жасайтын жандар жаңа тәсілдер шығаруда. Құқық қорғау органдары да қарап қалып жатқан жоқ. Әрдайым бес қару сай. Бұл өзінің оң нәтижесін беруде.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ, Петропавл қалалық ПБ бастығы:
— Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде алаяқтық фактілерінің саны 12 пайызға төмендеп, 677-ден 596-ға дейін азайды. Интернет-алаяқтық деректері де 11,3 пайызға қысқарып, 564-тен 500-ге дейін кеміді. Облыс орталығының 1323 тұрғыны алаяқтармен сөйлесуден бас тарту арқылы материалдық шығынға жол бермеді. 2025 жылдың 12 айында бұрын жасалған 587 қылмыс ашылды, оның ішінде 108-і өткен жылдарға тиесілі. Нәтижесінде 21 қылмыскер ұсталып, 3 хабар-ошарсыз кеткен азаматтың жүрген жері анықталды.
Кездесуге мәселемен келген тұрғындар да болды. Кейбір петропавлдықтар бір шатырдың астында тұрғанымен бір ауланы бөлісе алмай жүр. “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді” демекші, көршілер түйінді өзара тарқата алмапты. Ендігі кезекте – полиция. Қала тұрғыны Рустам Абулхатов табан тиер төңіректің баршағы ортақ болғанын қалайды.
РУСТАМ АБУЛХАТОВ, қала тұрғыны:
— Мен Чайковский көшесі, 13 мекенжайында тұрамын. Біздің негізгі мәселе – ортақ ауладағы тұрақ орындарының әділетсіз бөлінуі. Нақтырақ айтсам, үйдің бір бөлігіндегі адамдар шлагбаум және оқшаулағыш тастарды қойып, өздеріне бөлек аумақ жасап алған. Осының салдарынан екінші жақтағы тұрғындарға көлік қоятын орын тапшы. Назар аударатын жайт бар, олар мұндай шешімге өзара келген. Яғни, біздің қатысуымызбен жиын өтпеді. Егер төтенше жағдай болса, арнайы қызметтер нысанға жақындай алмауы мүмкін
Жерлесіміз көтерген проблема орынды. Серік Әлжанов заңға сәйкес түсініктеме берді. Көпқабатты үйлердің ауласындағы кез келген шектеу барлық тұрғынның келісімімен және жалпы жиналыс арқылы қойылуы тиіс. Демек, тексеріс жүргізуге болады. Шаһардың бас полицейі шенділер аталған мекенжайға барып, мәселенің мән-жайы толық зерттелетінін жеткізді.
Жангельді Жамалиев
