Sailau banner

СҚО әкімдігі

“Қызылжар” халықаралық әуежайының ұжымына жаңа Конституция жобасы түсіндірілді

“Қызылжар” халықаралық әуежайында жаңа Конституция жобасы талқыланды. СҚО бойынша референдумды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі штабтың мүшелері ұжымға өзгерістер жайлы жан-жақты түсіндірді. Өзгертілетін Ата заңда еңбек адамдарының құқығына да баса назар аударылған.

БАҒДАТ МҰҚАНОВА, СҚО ІСБ бөлім басшысы:

— Еңбек ету, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеп, әділ жалақы алу жаңа Ата заң жобасында қарастырылған. Бұл мемлекеттің еңбек адамдары алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тұрғындардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Осы сияқты жаңашылдықтарды әуежай қызметкерлеріне түсіндіреміз.

“Қызылжар” халықаралық әуежайы арқылы теріскейліктер Астана, Алматы, Шымкент қалаларына қас пен көздің арасында жете алады. Бағалары да қолжетімді. Биыл Египетке де тікелей рейс ашылды. Айта кету керек, қазіргі таңда мұнда 100-ден астам адам жұмыс істейді.

ӘБІЛ КЕКІЛБАЕВ, “Қызылжар” халықаралық әуежайы директорының міндетін атқарушы:

— Бүгінгі жиын ұжым үшін өте қызықты болды. 30 минутқа жоспарланған шара 1 сағатқа созылды. Көкейімізде жүрген сұрақтарға жауап алдық.

Жаңа Конституция жобасымен жақсы таныс мамандар еңбек ұжымдарымен кездесуді жалғастыратын болады.

 

Нұрасыл Ахмет