Петропавлда “Жарқын Болашақ” республикалық қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Сайысқа аймақтың түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам оқушы қатысты. Ұйымдастырушылардың көздегені – жасөспірімдерді отансүйгіштікке баулып, қазақ тіліне деген қызығушылықтардың арттыру.
ЖҰЛДЫЗАЙ ИМАНБЕКОВА, “Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының әдіскері:
— Олимпиада 5 аталым бойынша ұйымдастырылып жатыр. Республикалық кезең сәуірде Астана қаласында өтеді. Бүгінгі сайыста жеңімпаз атанғандар өңір намысын қорғайды.
Олимпиадаға “Сен тұр, мен атайын” дейтін жас таланттар келді. Әрқайсысы аудандық және қалалық кезеңдерде топ жарған. “Сөз шеберлері” аталымы бойынша 30-ға жуық оқушы сынға түсуде. Есіл ауданынан келген Ақнұр Балғожина сайыс жеңімпазы атанып, республикалық додада өңір намысын қорғағысы келеді.
АҚНҰР БАЛҒОЖИНА, сайысқа қатысушы, Есіл ауданы:
— Сайысқа жақсы дайындықпен келдім. “Сөз шеберлері” аталымында шешендік сөздерді көп жаттауың керек. Облыстық кезеңге бірінші қатысуым. Былтыр аудандық сайыста екінші орын иелендім.
Ал Құралай Жанабай болса “Жарқын Болашақ” республикалық қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңіне осымен екінші рет қатысып отыр. Былтыр жолы болмапты. Биылғы сайысқа жақсы дайындалған. Талантты жас жүлдегерлер қатарынан көрінгісі келеді.
ҚҰРАЛАЙ ЖАНАБАЙ, сайысқа қатысушы, Тимирязев ауданы:
— Мен “Жас қаламгер” аталымы бойынша сынға түсудемін. Бұл сайыста бізге тіл, табиғат, ұлттық құндылықтар туралы тақырып беріледі. Біз сол бойынша эссе немесе шығарма жазамыз. Қазақ тілінің әлемдік деңгейге шыққанын қалаймын.
Айта кету керек, былтыр теріскейлік оқушылар “Жарқын Болашақ” республикалық қазақ тілі олимпиадасына қатысып, жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көрінді.
Нұрасыл Ахмет
