Полиция департаментінде Алғыс айту күніне орай марапаттар табысталды. Өңірдің бас тәртіп сақшысы Абай Жүсіпов ұзақ жылдар мінсіз қызмет атқарған, жас полицейлерді тәрбиелеуге үлес қосқан ардагерлерге Алғыс хаттар табыстады және ризашылығын білдірді. Ішкі істер органдарының құрметті ардагері Хайдар Кашеновке ерекше құрмет көрсетілді. Аты аңызға айналған тергеу қызметкері 75 жасқа толды.
ХАЙДАР КАШЕНОВ, ІІМ құрметті ардагері:
— Милицияға түсуге шешім қабылдадым. Сонда Ұлы Отан соғысының ардагері әкем: «Балам, бұл – ауыр, кейде алғыссыз жұмыс. Бірақ сен жауапқа тартатын адамға әділ болуың керек. Әрқашан әділ бол, адамдарға мейірімді бол», – деді. Мен осы қағиданы бүкіл өмірімде ұстануға тырыстым. Соның нәтижесін көрдім. Бүгінгі құрметке алғысымды білдіремін.
Сонымен қатар, бұл күні полиция қызметінің маңызды буыны саналатын еңбек адамдары да қошеметке бөленді. Техникалық қызметкерлер, электрик, атбегі және басқалар. Бұлар – тәртіп сақшыларының күнделікті жұмысын қамтамасыз етіп жүрген жандар. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған ұжым бір мақсат аясында еңбек етуде. Жиында өткен тарихты, кеңпейіл қазақ халқының жомарттығын еске алғандар да болды.
— Менің жақындарымды вокзалға түсіріп кеткен. Қатты боран соғыпты. Әжемнің айтуынша, үстерінде тек жеңсіз күртеше болған. Сол кезде бір ақсақал келіп, тонын шешіп, бәрінің үстіне жапқан. Әжем сонда небәрі 11 жаста болыпты.
Алғыс айту күніне арналған мерекелік кездесу ардагерлерге тағзым, еңбек адамдарына құрмет және көпұлтты қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластықтың айқын көрінісіне айналды.
Жаннұр Бектурганова
