Алдағы жексенбіде тойланатын Алғыс айту күніне орай қаламыздағы Достық үйінде мерекелік концерт өтті. “Туған жерім – Қазақстаным” атты кеште өңірімізді мекендейтін ұлт өкілдері өнер көрсетті.
ӘНУАР ТОҚПАН, СҚО ҚХА қызметкері:
— Өздеріңіз білесіздер, Солтүстік Қазақстан облысында 25 этномәдени бірлестік бар. Оның 20-сы аккредиттеуден өткен. Осы мәдени бірлестіктердің басын қосып, Алғыс айту күніне “Туған жерім – Қазақстаным” атты шығармашылық кеш өткізіп жатырмыз. 40-шы жылдары өз елдерінен депортацияға ұшыраған ұлттарды қазақ халқы жылы қарсы алды, көмегін аямады, соңғы нанымен бөліскен. Мереке сол халықтардың ризашылығына орай пайда болған.
Зобалаң жылдары қоныс аударған халықтардың ұрпағы ата-баба өсиетін естіген. Олар Тәуелсіз Қазақстанды ортақ Отан санайды, дамуына, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға атсалысып келеді. Достық мекеніне айналған елімізде ән де салады, би де билейді. Мерекелік кеште сахна төрінен табылған таланттар ұлттық киімдерін киіп, өнер көрсетті, алғыс білдірді.
ЮРИЙ БАКАЙ, “Хуторок” үлгілі балалар аспаптар ансамблінің жетекшісі:
— Мұндай іс-шаралар өте маңызды деп санаймын. Осындай кештер ұлттарды біріктіре түседі. Біздің елде көп ұлт өкілі тұратыны белгілі. Тату-тәтті өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етеміз. Барша Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтағым келеді.
Алғыс айту күні – ризашылық пен бірлік мерекесі. Бұл мерекеде әр қазақстандық ән салып, би билеуі тиіс.
Жаннұр Бектурганова
