Ж.Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледжін биыл 7 мамандық бойынша 300-ге жуық түлек тәмамдайды. Қолына диплом алған жас қайда барады? Бұл мәселе білім ордасында өткен жиында талқыланып, жастарға бағыт-бағдар берілді. Алина Аипова – биыл «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша диплом алады. Ақхалатты қаладағы емхана-ауруханалардың біріне жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.
АЛИНА АИПОВА, Ж.Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледжінің студенті:
— Емдеу орындарының өкілдері келіп, медициналық ұйым туралы жан-жақты ақпар берді, жұмыс бағыттарын таныстырды және қай жерде маман тапшылығы бар екенін айтты. Жеке өзім қолыма диплом алысымен осыған дейін тәжірибеден өткен емхана-ауруханаларға барып сұрастырып көремін.
Петропавлдық медициналық колледж түлектері оқу бітірісімен жұмыс іздеп сандалып жүрмейді. Өйткені, мұнда сапалы білім беріледі, жоғары талап қойылады. Сәйкесінше түлектеріне деген сұраныс та жоғары. Бұл сөзімізді Тайынша ауданынан арнайы келіп отырған маман Юлия Благовисная да растайды.
ЮЛИЯ БЛАГОВИСНАЯ, Тайынша көпсалалы аудандық ауруханасы бас медбикесінің міндетін атқарушы:
— Тайынша көпсалалы аудандық ауруханасы үздіксіз даму үстінде. Емдеу орны заманауи жабдықтармен толықтырылуда, қосымша бөлімшелер ашылып жатыр. Сол себепті бізге кәсіби мамандар – медбикелер, фельдшерлер, зертхана қызметкерлері, рентген-лаборанттар аса қажет.
Медициналық колледжде өткен жылы 300-ден астам маман даярланып, 100%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.
Жангельді Жамалиев
