Sailau banner

Қоғам

Іс сотқа жолданды: заңсыз жолмен 1,8 млрд теңгеден астам табыс тапқан

Қаржылық мониторинг агенттігіне қарасты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті өкілдері заңсыз кәсіпкерлік қызмет, күш қолдану арқылы өз бетінше әрекет ету және алаяқтық фактілеріне қатысты тергеуді аяқтады. Күдікті қылмыспен 12 жыл айналысқан. Бүгінгі таңда заңға қайшы кредиттеу ісі сотқа жолданды.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

— 2013 жылдан 2025 жылға дейін күдікті тиісті лицензиясыз жеке және заңды тұлғаларға мүлік кепілдігімен пайызға жүйелі түрде қарыз беріп келген. Мәмілелерге заңды сипат беру үшін келісімшарттарда нақты берілген сомадан едәуір жоғары сома көрсетілген. Себебі құжатта алдын ала есептелген сыйақы қосылып отырған. Қарыздар бойынша ай сайынғы сыйақы мөлшері қарыз сомасының 5-10%-ын құраған, бұл жылдық есеппен 60-120%-ға тең. Сондай-ақ қарызды жасыру және оның қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында мүлікті сатып алу-сату туралы жалған шарттар рәсімделген.

Күдіктінің әрекеттерінен азаматтар зардап шекті. Жедел қаржылай көмекке үміт артқан олар жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен мүлкінен айырылу қаупіне тап болды. Заң бұзған тұлға қарыз алушыларды ақша немесе жылжымайтын мүлік беруге мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде күш қолданып, психологиялық қысым көрсеткен. Ал айналымдағы қаржы көлемі бас шайқатады. Заңсыз қызметтен түскен қылмыстық табыс 1,8 млрд теңгеден асады.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

— Бұдан бөлек, күдікті сот процестерін бастамашылық етіп, 11 млн теңге көлеміндегі бір қарызды әртүрлі құжаттар негізінде екі рет өндіріп алған. Міндеттеменің іс жүзінде орындалғаны туралы мәліметтер сотқа әдейі ұсынылмаған. Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын мүлікке тыйым салынды. Тыйым салынған мүліктің қатарында 2 пәтер, 2 тұрғын үй, жер телімі, сондай-ақ «LAND ROVER RANGE ROVER» және «HYUNDAI STARIA» автокөліктері бар.

Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Байболат Құлтанов