Sailau banner

Ауыл шаруашылығы

Бруцеллезге қарсы күрес бойынша испаниялық профессордың қатысуымен семинар өтті

Республикамызда бруцеллез инфекциясы эндемиялық, яғни жыл сайын мал мен адамдар арасында тіркеледі. Бұл еліміз үшін аса өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Осыған байланысты Бескөлдегі мал шаруашылығын ғылыми-зерттеу институтында семинар өтті. Жиынға сонау Испаниядан келген ветеринария ғылымдарының көрнекті өкілі, профессор Карлос Чипана қатысты. Құрметті қонақ бекерден-бекер шақырылмаған. Бүгінде Пиреней түбегіндегі мемлекет бруцеллезбен көп жылдар бойы күресіп, соңында індетті толық жеңген.

КАРЛОС ЧИПАНА, профессор, Испания:

— Мен Испаниядағы «Sendal» компаниясында ветеринар болып жұмыс істеймін. Біз жануарлар арасындағы бруцеллез ауруымен көп жылдар бойы күрескен едік. Соңында оң нәтижеге қол жеткіздік. Енді жинаған тәжірибемізді қазақстандық әріптестермен бөлісуді құп көріп отырмыз. Біздің компанияда инфекцияға қарсы екпе шығаратын зертхана бар. Бірақ, бұл вакцина мәселені толық шешпейді. Жүйелі жұмыс керек. Соны үйретсек дейміз.

Валентина Кофтун бүгінгі іс-шараға Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылынан келіп отыр. Нәзікжанды 6 жылдан бері ветеринар дәрігер қызметін атқарады. Жаңашылдықтарды үйренуге құштар.

ВАЛЕНТИНА КОФТУН, ветеринар дәрігер, Аққайың ауданы:

— Бүгін біз Испания елінен келген профессордың сабағына қатысып отырмыз. Өзіме қажетті жаңа дүниелерді естідім, меңгердім. Испаниялық екпе сапалы. Сонымен қатар, ол жақта адамдардың жануарларға деген құрметі бөлек екен. Олардың барлығы вакцинаға мән береді. Иммундау шарасынан қалыс қалмайды. Бізге де осындай жүйені қалыптастыру керек.

Бұл шараның өткізілуіне ұйытқы болып отырған – астаналық компания. Директоры Салтанат Сакированың айтуынша, ұйым 2014 жылдан бері бруцеллез ауруына қарсы күрес жүргізіп келеді.

САЛТАНАТ САКИРОВА, компания директоры, Астана қаласы:

— Біздің компания екпе сатады, малдарда кездесетін неше түрлі инфекциямен күресетін вакциналарды отандастарымызға өткіземіз. Олардың басым бөлігін Испания елінен алдыртамыз. Арадағы байланысты нығайту үшін әріптестік орнатқан шетелдік мамандарды елімізге шақыртып, тәжірибе бөлісуді сұрадық. Бүгін – семинардың 5-күні. Бұған дейін Ақтөбе, Қарағанды және Ақмола облысында болдық.

Сонымен қатар, ақпараттық жиында кластередиоз ауруына қарсы күрес жайы сөз болды. Бұл індеттің алдын алу әдістері жайлы қазақстандық профессор Бауыржан Құрманов баяндады.

 

Ұлан Ыдырыс