Sailau banner

Балалар

Балалардың жұмысы немесе қоқысқа жан біткен күн

Петропавлда “Таза Қазақстан” экологиялық бастамасы аясында “Trash Art Fest – қоқысты өнерге айналдырамыз” атты шығармашылық шеберлік сабағы өтті. Іс-шараны қалалық жастар ресурстық орталығы мен “Қарындаш” көркемсурет мектебі ұйымдастырды.

АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:

— Басты мақсатымыз – балалардың бойында айналаға және табиғатымызға деген жанашырлық сезімді оята алу. Қатысушылар тұрмыстық қалдықтарға “екінші өмір” сыйлайды. Әр адамның қиялы әртүрлі. Олардан сан түрлі туынды күтеміз. Шеберлік сабағы балаларды біріктіріп, жылы орта қалыптастырды.

Шеберлік сабағына жеткіншек балалар ата-аналарымен бірге қатысты. Олар пластик бөтелкелер мен картон қораптардан құстарға, тиіндерге арналған жемсалғыштар жасады. Әдетте бұлар қоқысқа тасталады. Ал осындай акцияның арқасында қалдықтар кәдеге жарап, саябақты мекендейтін қанаттылардың, жануарлардың “үйіне” айналады.

СӘНИЯ БАЙТҰЯҚОВА, ата-ана:

— Бүгін осы іс-шараға ұлымды әкелдім. Осындай тәрбиелік тұрғыда пайдасы зор сабақтардың өткеніне қуаныштымын. Жалғаса берсін дейміз.

“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген бар. Игі шараға қатысқан балалар айналаға болашақта да қамқорлық танытады. Бұл теңізге тамған тамшыдай. Дегенмен, осындай қадамдар арқылы қоршаған ортаға мол пайда тигізуге болады.

Жаннұр Бектурганова