Ақжар ауданының мұғалімдері жаңа Конституциядан зор үміт күтеді. Олардың пікірінше, жаңа Ата заң күшіне енсе, білім беру саласының дамуына тың серпін беріледі. Оқушылар заманауи талаптарға сай білім алуға мүмкіндік алады. Ұлағатты ұстаздар жаңа Конституция жобасымен танысып, оның маңыздылығын талқылап шыққан. Әсіресе, білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған бастамалар мен отбасы құндылықтары педагогтер қауымының қолдауына ие болған.
НҰРГҮЛ КӨЛБАЕВА, Талшық орта мектебі директорының орынбасары, Ақжар ауданы:
— Жаңа Конституцияда отбасы қоғамның негізгі құндылықтарының бірі ретінде айқындалған. Онда неке ер мен әйелдің өз еркімен және тең құқық негізінде құрылған одағы деп көрсетіледі.
Мұғалімдер 15-ші наурыз күні референдумға бірадамдай қатысып, жаңа жобаны қолдағалы отыр.
РОЗА ХАЙРАТ, Бестерек орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Ақжар ауданы:
— Мен референдумды қолдаймын. Себебі, ол- халықтың маңызды, әрі демографиялық шешімін көрсететін бағыт. Референдум – ол халық пен билік арасындағы ашық диалог.
Ақжарлық ұстаздар жаңа Конституция ел дамуының маңызды қадамы деп санайды. Олар референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын білдіруге дайын.
Мәдина Қаби
