Sailau banner

Қоғам

27-ші ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні

СҚО-да 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар. Оның 20 пайызы аудандарда орналасқан. Барлығы өңірдің дамуына белсенді атсалысуда. Бірлестіктердің басты мақсаты – билік пен халық арасындағы көпір болу. Бір сөзбен айтқанда, халықтың тұрмысын жақсартып, азаматтық қоғамның рөлін күшейту. Бүгін – осы жүкті арқалап жүрген үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби мерекесі. Осыған орай Петропавлда мерекелік іс-шара өтті. Шара шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов ашты.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

—  Үкіметтік емес ұйымдарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Бірлестіктер сала таңдамайды. Облыстың дамуына зор үлес қосып жүр. Алдағы уақытта бірлесіп талай жобаларды жүзеге асырамыз деп ойлаймын.

Шара барысында үкіметтік емес ұйымдардың басшылары тың жобалармен бөлісті. Бірі – тұрғын үйлердің сапасы жайлы сөз қозғаса, енді бірі отбасы құндылықтары туралы ойын ортаға салды. “Сенімен Болашақ” бірлестігінің облыстық филиалы 2022 жылы құрылған. Ұйымның басты мақсаты – саналы ата-аналардың санын көбейту.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен Болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:

— 2025 жылы 100-ден астам шара өткіздік. Оның 40-ы ауылдық жерлерде ұйымдастырылды. Әлемдегі ең қиындық мамандық – ол жақсы ата-ана болу.

Жанат Мұхамеджановтың сөзінше, ұйым екі жыл бұрын тағы бір бағытқа бет бұрған. Мамандар облыс жастарымен кездесіп, кәсіби бағдар беріп жүр.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен Болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:

— Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің статистикасына сүйенсек, облыста 3500-ге жуық бос жұмыс орны бар. Біз жастарымызды өңірде алып қалуымыз керек. Сондықтан, мектеп оқушыларын түрлі кәсіпорындарға апарамыз. Жұмыс процесін көрсетеміз.

Шара соңында аймақтың дамуына зор септігін тигізіп жүрген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері марапатталды. Оларға облыс әкімінің “Құрмет грамотасы” мен “Алғыс хаты” табысталды.

 

Нұрасыл Ахмет