Еліміздегі Конституцияның жаңа жобасында азаматтардың денсаулығына, олардың тегін әрі сапалы медициналық көмек алуына баса назар аударылған. Ата заңның 30-шы бабында мемлекет медициналық қызмет сапасын қамтамасыз етуге міндетті деп жазылған. Бұл дегеніміз Қазақстан бірінші кезекте ауруханаларды жаңғыртуға, жақсы дәрі-дәрмек алуға және дәрігерлерді сапалы түрде дайындауға аса қатты көңіл бөлуі тиіс. Бұл орайда біз тайыншалық ақхалаттылармен тілдестік. Мамандар еліміздің басты құжатына қатысты түзетулер жайлы өз пікірін білдірді.
ГҮЛИЯ МОЛДОЖАНОВА, Келлеровка дәрігерлік амбулаториясының дәрігері, Тайынша ауданы:
— Өзім медициналық қызметкер ретінде Конституция жобасын қолдаймын. Оған сәйкес медицина саласындағы кейбір қызметтер тегін көрсетілуі керек. Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың қызметі бақылауда болады, пациенттердің құқығы қорғалады. Менің ойымша, аталмыш жаңашылдықтар Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының дамуына айтарлықтай үлес қосады.
Ирина Кершис – Келлеровка дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі. Еңбек өтілі – 30 жыл. Ақ халатты абзал жан екпе бөлімінде жұмыс істейді. Айтуынша, медицина саласында біраз түйткіл бар, ал олардың шешілуіне жаңа Конституция ықпал етеді.
ИРИНА КЕРШИС, Келлеровка дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі, Тайынша ауданы:
— Өзім жергілікті балаларға ғана емес, Келлеровкаға жақын орналасқан ауылдарға барып, тұрғындарына екпе қоямын. Жұмысым өзіме ұнайды. Әрине, Ата заңдағы өзгерістер еліміздің бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды. Медицина саласына да жаңашылдықтар қажет.
Білікті мейірбикенің айтуынша жаңа Конституция өңірдің түкпір-түкпіріндегі медицина қызметкерлеріне қатысты кадр тапшылығын шешуге ықпал етеді. Айта кетейік, Тайынша ауданына бүгінде 12 медициналық қызметкер қажет. Былтыр аталған аймаққа 26 ақхалатты келген, оның 5-еуі – дәрігер.
Ұлан Ыдырыс
