СҚО-да қызылшаның таралуына қарсы алдын алу шаралары белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бері тіркелген науқастардың саны өткен жылмен салыстырғанда азайғанына қарамастан, аурудың жұқпалылығы жоғары.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
— Жыл басынан бері облыста қызылшаның зертханалық расталған 15 жағдайы тіркелді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 42%-ға төмен. Аумақтық бөлініс бойынша 6 жағдай, яғни 40%-ы Петропавл қаласында тіркелген. 2 жағдайдан Ақжар, Мамлют, Уәлиханов аудандарында және 1 жағдайдан Қызылжар, Шал ақын, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда анықталған.
Әрбір ошақта науқаспен байланыста болған азаматтар медициналық бақылауға алынып, дезинфекциялық шаралар жүргізілді. Қызылша дертіне шалдыққандардың көбі – 5 жасқа дейінгі балалар, ал жалпы 90 пайыздан астамы – екпенің толық курсын алмағандар.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
— Балаларды және ересектерді қызылшадан қорғаудың жалғыз сенімді әрі тиімді тәсілі – вакцинация. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес алғашқы жоспарлы егу 12-15 айда жүргізіледі. Қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцинамен қайта егу 6 жаста жасалады. Екпені тіркелген жері бойынша емханадан тегін алуға болады.
Өңірде жоспарлы және қосымша иммундау шаралары жалғасуда. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың кемінде 90 пайызы вакцина алуы қажет. Мамандардың айтуынша, екі реттік екпе қызылшадан 95 пайыздан астам қорғаныс береді. Сондықтан екпе кестесін сақтау – аурудың алдын алудың басты шарты. Ал бұл мәселеге қала тұрғындары қалай қарайды? Біз олардың ой-пікірін өздерінен сұрап білдік.
— Егер балаға уақытылы екпе жасалмаса, ол кез келген ауруға шалдығуы мүмкін. Ал бала ауырған жағдайда оның денсаулығын қалпына келтіру өте қиын болады, себебі иммунитеті бірден төмендейді. Сондықтан екпе алу – міндетті әрі өте маңызды шара.
— Бұрын барлық екпелер уақытында жасалып, қызылша ауруы мүлде болмаған. Қазір қайдан келгені белгісіз, бірақ бұл ауру қайта пайда болды. Сондықтан менің пікірімше, екпелерді қазіргі кезде де міндетті түрде алу қажет. Ең дұрыс шешім – екпесін уақытында қойдырып, сәбилердің ауырмай, сау өсуіне жағдай жасау.
Жангельді Жамалиев
