Sailau banner

Білім

Петропавлда педагогтердің біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті

Петропавлда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған семинар өтті. Шараға “Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру” тақырыбы арқау болды. Маңызды жиынды “Өрлеу” орталығы мен қалалық білім бөлімінің мамандары бірлесіп ұйымдастырған. Басты мақсат – ұстаздардың біліктілігін арттыру.

ГАУҺАР ТЕМІРБАЕВА, Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері:

— Шара барысында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, жасанды интеллектіні сабаққа енгізу және оны пайдалану мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, жан-жақтан келген ұстаздар бір-бірімен тәжірибе алмасады.

Шара барысында оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын оятуға арналған түрлі әдістер көрсетілді.

БОТАГӨЗ ШАЙМҰРАТҚЫЗЫ, “Өрлеу” БАҰО” АҚ СҚО бойынша филиалының маманы:

— Бұл семинарға бір айдай дайындалдық. Өйткені, шақырылған қонақтардың деңгейі өте жоғары, білікті мамандар. Оларды таңғалдыру оңай емес.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай кездесулер өңірдегі білім беру сапасын арттырады. Сонымен қатар, саланың дамуына да тың серпін береді. Айта кету керек, шараға 40-қа жуық ұстаз қатысты.

 

Жаннұр Бектурганова