Бүгін облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында күн тәртібінде тұрған 7 мәселе қаралды. Солардың бірі – 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
— Облыстық бюджет есебінен ең көп мөлшерде қаржы бөлінетін салалар – құрылыс және сәулет. Бұл бағытқа биыл 2 млрд 406 млн теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар, полиция департаментіне – 1 млрд 53 млн теңге, ал кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына 1 млрд 800 млн теңге бағытталмақ.
Кеңес мүшелері өз сауалдарын қойды. Олардың сөзінше, білім беру саласында бюджетті орынсыз жұмсау байқалады. Мәселен, жобада биыл педагогтердің іс-сапарларына – 200 млн және Оқушылар сарайындағы медиа қасбетке 82 млн теңге қарастырылған. Бұл сұраққа облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова жауап берді.
ТАТЬЯНА ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:
— Ұстаздар әр 3 жыл сайын кәсіби деңгейін арттыру үшін арнайы курстардан өтуі тиіс. Олардың ішінде шалғай ауылдарда орналасқан мектеп мұғалімдері де бар. Өткен жылы бұл мақсатқа тек 17 млн теңге бөлінді. Бұл сома жетпегендіктен біз 195 млн теңге қарызға ұшырадық. Сол себепті де осы мақсатта 200 млн теңге қарастырылып отыр. Ал келесі мәселеге тоқталсақ, былтыр жаз айларында Оқушылар сарайындағы медиа қасбет істен шықты, бұл қаржы оны қалыпқа келтіруге бағытталады.
Жиында қаралған келесі мәселе – үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі мен мөлшерін айқындау жобасы. Бұл – азаматтарға үй сатып алу кезінде берілетін мемлекеттік әлеуметтік көмек. Құжат арнайы 15 санатқа енетін жандарға қарастырылған. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, 25 жасқа толмаған ата-ана қарауынсыз қалған немесе жетім жандар ала алады.
БЕРІК ТӨРЕБЕКОВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
— Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы бекіткен бұйрығына сәйкес энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі мен мөлшерін айқындаудың жобасына түзетулер енгізді. Соған сәйкес аталмыш әлеуметтік көмек бастапқы жарнаның 10 пайызын құрайтын болады, бірақ оның көлемі 1 млн 500 теңгеден аспауы керек.
Бұған қатысты кеңес мүшелерінің тарапынан сұрақ туындаған жоқ. Сондай-ақ, жиын барысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру және орман мен өсімдік ресурстарын пайдалану мәселелері талқыланды.
Ұлан Ыдырыс
