Sailau banner

СҚО әкімдігі

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті

Петропавлда облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында өткен жыл қорытындыланды, алда болуы мүмкін су тасқынына дайындық жұмыстары пысықталды. Шара шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, қатысушыларға берілген тапсырмаларды уақытылы орындауды тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Алқалы жиында өткен жылды қорытындылап, алдағы уақытқа жоспар құрамыз. Биыл облысқа тасқын қаупі төніп тұр. Сол себепті, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы әр сала қарқынды дамыды деп айтуға болады. Диқандарымыз қамбаға 6 млн 600 мың тонна астық құйды. Өндіріс көлемі 20 пайызға артты. 600 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 11 кәсіпорын қолданысқа берілді. Мінберге шыққан облыстық экономика басқармасының басшысы Наталья Дышкант көпшілікпен 2026 жылғы көрсеткіштермен де бөлісті.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

— Жыл басынан бері облысқа 14 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. 3 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілді. 7 мың 700 тонна ет пен 20 мың тонна сүт өндірілді. Өндіріс көлемі болса өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға артты. Бірақ, кей салалар бойынша Айыртау, Тимирязев, Ақжар аудандары жоспарды орындай алмады. Осы мәселе жүйелі түрде шешілсе екен деймін.

2024 жылғыдай опық жеп қалмас үшін дайындық жұмыстарын күшейту қажет. Жиын барысында су тасқыны мәселесі де көтерілді. Есептеулерге сүйенсек, биыл аймақтағы 112 ауылға қатер келуі мүмкін. Елді мекендердің 50-і өзен мен көлдердің толуынан, ал 62-сі еріген қар суынынан зардап шегуі ықтимал. Бұлардың барлығында 7 мыңға жуық адам тұрады. Облыстық ТЖД бастығы Жомарт Асқаровтың сөзінше, облыста табиғи апатқа қарсы тұру жұмыстары қарқынды жүргізілген.

ЖОМАРТ АСҚАРОВ, СҚО ТЖД бастығы:

— 2223 адам мен 1428 техникадан тұратын жедел топ жасақтадық. 549 мың құм толтырылған қап дайындадық. Сонымен қатар, 300-ге жуық уақытша тұрақ әзірледік.

Су тасқынының алдын алу мақсатында облыста 6 бөгет тұрғызылып, нығайтылды. Маңызды жұмысқа 14 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

 

Нұрасыл Ахмет