Sailau banner

Мәдениет

«Көңіл-күй кемеңгері» – сахна жүргізушілері арасында облыстық байқау өтті

Сахна – шынайылықтың айнасы, сөз – жүргізушінің қаруы. Облыс орталығында өткен «Көңіл-күй кемеңгері» байқауы осы қос ұғымды тоғыстырған тағылымды кешке айналды. Бұл – тек шеберлер сайысы емес, мәдениеттің мәйегін дәріптеген, жүргізушілік өнердің биігін бағамдаған байыпты дода. Мұнда әр үміткер тек өзін емес, өз өңірінің шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік алды.

Әуен әуелеп, жарық сәулесі сахнаны нұрға бөлеген сәттен-ақ кештің ажары айқындалды. Би қимылы мен ырғақ үйлесіп, көрермен көңілі мерекелік күйге бөленді. Шымылдық ашылғаннан бастап қатысушылар сахна төрінде сенімді қадам жасап, өзін-өзі таныстыру кезеңінде даралықтарын айшықтады. Бірі ойлы образбен ерекшеленсе, бірі еркін импровизациясымен есте қалды.

ЕРҒАЛИ ЗИЯТБЕК, байқауға қатысушы, Мамлют ауданы:

— Бүгінгі сайыста өз өнерімді көрсетіп, деңгейімді тағы бір сынап көргім келеді. Жалпы, жүргізушілікпен айналысып жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Осы жылдар ішінде тәжірибе жинап, шыңдалдым деп ойлаймын. Бүгінгі жарыста Алланың қалауымен жоғары нәтиже көрсетемін деген үміттемін.

Сайыстың келесі бөлігінде көркем сөздің құдіреті таразыланды. Поэзия мен прозадан таңдалған үзінділер сахнада жаңаша реңкке ие болды. Дауыс ырғағы, мәтінді меңгеру, сахнадағы еркіндік – барлығы қатысушының кәсіби деңгейін айқындайтын өлшемге айналды. Әр сөз салмақпен айтылып, әр сөйлем сеніммен жеткізілді. Тыңдарман үшін бұл тек оқу емес, шынайы сезіммен өрілген шағын спектакль іспетті әсер қалдырды.

АНАСТАСИЯ КАБАНОВА, облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметін ұйымдастыру орталығының бөлім жетекшісі:

— Бұл – дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын облыстық байқау. Аталған додаға өңірдің әр ауданынан келген жаңа, креативті жүргізушілер қатысып, өз шеберліктерін ортаға салады. Байқаудың басты мақсаты – талантты мамандарды анықтап қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін шыңдап, кәсіби тұрғыда дамуына қолдау көрсету.

Қысқа уақыт ішінде мазмұн мен мәнерді ұштастыру – үлкен сын. Дегенмен, әр қатысушы сахна төрінде өз қолтаңбасын қалдыруға талпынды. Қазылар алқасының шешімімен қатысушылар «Жас талант», «Креативті жүргізуші», «Көрермендер көзайымы» аталымдары бойынша марапатталды. Жеңімпаздар дипломдармен қатар ақшалай сыйлықтарға ие болды.

 

Жангельді Жамалиев