Жасөспірімдер, буллинг, ата-ананың қамқорлығы. Мектептер мен колледждердегі зорлық-зомбылықпен қалай күресуге болады? Аталған өзекті мәселе Достық үйінде өткен шарада көтерілді. Отырысқа психологтар, заң өкілдері мен жастар қатысты.
ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы:
— Қазіргі таңда буллинг өзекті мәселеге айналып барады. Бүгін педагог-психологтармен, заң өкілдерімен бірлесіп аталған түйткілдің себебі мен салдарын талқылаймыз.
Былтыр облыста 21 адам қатарластарына қысым көрсеткені үшін жауапкершілікке тартылған. Мамандардың сөзінше, жастар арасында қоқан-лоқы көрсету тек физикалық агрессиямен шектелмейді. Оған қорлау, кекету, өсек тарату сияқты психологиялық қысымдар жатады.
МАРИЯ ГЕЙН, психолог:
— Статистика бойынша, буллингке көбінесе 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдер ұшырайды. Мұндай кезде баланың мінез-құлқы өзгереді, көп дүниеге қызығушылығы жоғала бастайды. Үйден шыққысы келмейді, жиі ойланып, уайымға салынады. Бұның соны күйзеліске әкеп соғады. Тіпті, өз-өзіне қол жұмсауы да ғажап емес. Сондықтан, ата-аналар балаларымен жиі сөйлесіп, мәселені дер кезінде шешуі тиіс.
Қазіргі таңда жастар бір-бірімен келіспей қалса, мәселені сөзбен емес, жұдырықпен шешкенді жөн көреді. “Ашу – дұшпан, ақыл – дос” демекші, мына отырған ұл-қыздарға сабыр сақтамаудың салдары туралы айтылды. 2 сағатқа созылған шара тағылымға толы болды.
Нұрасыл Ахмет
