Sailau banner

СҚО әкімдігі

Жалпыұлттық коалиция мүшелері солтүстікқазақстандықтармен кездесті

Петропавлға “Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін” деп ұрандатқан жалпыұлттық коалиция мүшелері келді. Делегация құрамында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина және Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бар. Жаңа Ата заңмен жақсы таныс білікті мамандар Оқушылар сарайында қоғам белсенділерімен, педагогтермен және жастармен кездесті. Конституция жобасын түсіндірді, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

— Біз Әділет, заң және тәртіп орнаған кезде ғана биік белестерді бағындыра аламыз. Жастарымыз білім мен ғылымның, жаңа технологиялардың тілін толық игеруі тиіс. Сан ғасырлық тарихымыз бен төл мәдениетімізді әлемге танытуымыз керек. Осының барлығы жаңа Конституцияда тайға таңба басқандай көрініс тауып отыр. Бүгінгі жиынға қалың көпшіліктің келгеніне өте қуаныштымын. Солтүстікқазақстандықтар науқанға біркісідей қатысатынына сенемін.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, 1995 жылы қабылданған Ата заң сол кезеңнің талабына сәйкес болғанымен, бүгінгі таңда моральдық тұрғыда ескірген. Себебі, ол уақыт ел үшін ауыр экономикалық кезең болды. Мұндай жағдайда халықтың Конституция мәтінін жан-жақты оқып, талқылауға мүмкіндігі болмаған. Ал жаңа Ата заңымызды дайындауға 130-ға жуық маман қатысты. 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Әр салаға баса назар аударылды.

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Жаңа Конституция жобасы – еліміздің ішкі саясатын 21-ші ғасырдың тенденциясына сәйкестендіретін құжат. Өзгертілетін Ата заңда мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері сақталған. 

Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздардың қосар үлесі зор екені белгілі. Сондықтан бүгінгі шараға ондаған педагог шақырылған. Олар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

ШОЛПАН ТІЛЕУБЕРГЕНОВА, Д.Карбышев атындағы №40 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

— Елімізде жаңа оң өзгерістер орын алғанын қалаймын. Шынымды айтсам, бұған дейін жаңа Конституция жобасы жайлы аз білдім. Бүгін білікті мамандар бізге барлығын жан-жақты түсіндіріп берді.

Айта кету керек, жалпыұлттық коалиция 13-ші ақпанда құрылды. Оған 5 саяси партия мен 300-ге тарта қоғамдық ұйым өкілдері мүшелік етеді. Әр саланың жілігін шағып, майын ішкен жандар еліміздің түкпір-түкпірін аралап, халықпен кездесіп жүр.

 

Нұрасыл Ахмет