Sailau banner

Мәдениет

“Рамазан сыйы” – елге ортақ қайырымдылық

Рамазан айы – имандылыққа толы қасиетті мереке. Бұл айда халқымыз ағайын-туғанға жәрдемдесіп, үлкендердің батасын алады. Осындай ізгі дәстүрді насихаттау мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел көлемінде «Рамазан сыйы» атты республикалық қайырымдылық марафонын қолға алды. Биылғы марафон аясында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері үлестірілуде. Көмек ұлты мен дініне қарамастан барлық мұқтаж азаматтарға бағытталған.

ДИНАРА ҚОШЕҒАЛИНА, қала тұрғыны:

— Мешіттерде осындай қайырымдылық марафондарының өтіп тұрғанын өз басым дұрыс деп ойлаймын. Әр отбасыға, мысалы, көпбалалы аналар бар, мұқтаж жандар бар – соларға беріліп жатқан сый-сыяпат Алладан қайтсын дейміз.

МАЙРА ЖАҚЫПОВА, қала тұрғыны:

— Осындай көмек жасап жатқан азаматтарға көптен-көп рахмет. Біз үшін бұл – өте үлкен қолдау. Барлығына ризамыз. Мұнда отбасылық жағдайы әртүрлі адамдар бар, сондықтан бұл көмек олар үшін аса маңызды.

Игі бастама өңірлерде кең қолдау тауып отыр. Қайырымдылық шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:

— Жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша елімізде қайырымдылық марафондары қарқын алды. Жаңа ғана тікелей эфирден көргендеріңіздей, бастаманы Наурызбай қажы Тағанұлы бастап, Қазақстанның барлық өңірлерінде игі шаралар ұйымдастырылуда. Біздің өңір де бұл сауапты істен шет қалған жоқ. Қабыл алынған тізімге сәйкес, аймақ бойынша жағдайы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттері мен қажетті көмектер таратылып жатыр.

Айта кету керек, шара барысында Қазақстан бойынша 35 мың отбасыға көмек көрсету жоспарланған. Солардың ішінде біздің өңірде 500 жанұяға азық-түлік себеттері таратылады. Бұл шара әр отбасыға шын жүректен қолдау көрсетуді мақсат етеді.

 

Жангельді Жамалиев