Sailau banner

Қоғам

Өңірге Ресейден орман шаруашылығы мамандары келді

Өңірге Омбы облысынан орман шаруашылығы мамандары келді. Жұмыс сапарымен шекара асқан делегация өткен күзде Булаево қаласында таспасы қиылған орман өртін сөндіру станциясымен танысты. Тараптардың мақсаты бір – өзара тәжірибе алмасу, саладағы ынтымақтастықты нығайту. Бұл табиғатқа, қос ел үшін де маңызды саналатын жасыл желекке залал келтірер жалынды болдырмауға, жедел ауыздықтауға септігін тигізеді.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

— Облыс бойынша 6 орман шаруашылығы Ресеймен шекаралас орналасқан. Ал облыста жалпы 12 орман шаруашылығы бар. 2025 жылы 4 орман өрті тіркелді.

Қазіргі таңда бекетте 10-нан астам маман еңбек етеді. Олар сырттан көмек күтпей отпен күресуге қауһарлы. Қонақтарға станцияның мүмкіндігі таныстырылды. Станция ғимараты заманауи талапқа сай жабдықталған. Жедел әрекет етуге арналған мотоциклдер, қызметтік және өрт сөндіру автокөліктері бар. Омбылық делегация бекеттің материалдық-техникалық базасына жоғары баға берді.

ВЯЧЕСЛАВ ДЕВЯТЕРИКОВ, Омбы облыстық орман шаруашылығы бас басқармасының басшысы, РФ:

— Бізде 24 орман өртін сөндіру станциясы бар. Жасыл желек – біздің байлығымыз. Булаево қаласындағы станция ұнады. Қажеттінің барлығы бар. Көліктер тегеурінді дер едім, арасында жол талғамайтын темір тұлпарды да көзіміз шалды. Біздің қарамағымызда әзірге мұндай жоқ. Екі жақ бірлесе әрекет еткені маңызды. Арадағы түсіністік залалға, шығынға жол бермейді.

Қуантарлық жайт, қазір заманауи үлгідегі мұндай станция Петропавл маңында салынып жатыр. Өңірімізге жасалған сапар аясында омбылықтармен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжат тараптар арасындағы байланысты берік ете түсті.

 

Мәдина Қаби