Sailau banner

Білім

Оқушылар сайысы

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде “Жас шеберлер-2026” байқауы өтті. Сайыс білім ұясында оқытылатын 7 құзіретілік бойынша ұйымдастырылған. Оған қала және аудан мектептерінен келген 70-ке жуық оқушы қатысты.

АЛМАТ МАҚЫШЕВ, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары:

— Байқаудың жалпы мақсаты – кәсіби бағдар жұмысын жалғастыру, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын насихаттау. Байқау басталды. Қазір оқушылар өз құзіреттіліктері бойынша өнер көрсетуде. Байқау 2 кезеңнен тұрады: теориялық және практикалық. Осы байқауды жылда өткіземіз. Болашақта да өткізуді жоспарлап отырмыз.

Қатысушылар бірінші кезеңде онлайн тест тапсырса, екінші кезеңде шеберханаларда өз мүмкіндіктерін іс жүзінде көрсетеді. Алдымен мамандар таныстыру шарасын өткізеді.

ЕВГЕНИЙ СТЕПАНЕНКО, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің кафедра меңгерушісі:

— Қуантатын жайт бар, қатысушылардың шамамен үштен екісі – аудандық мектептерден келген оқушылар. Демек, аудан мектептері де сапалы мамандарға мүдделі. Жастарымыз жақсы білім алып, еліміздің лайықты азаматтары атануы керек. Бүгінгі байқаудың бақ сынаушы жандарға берері мол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау оқушылардың мамандық таңдауға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Қазір колледжде 736 студент білім алады. Мұнда автокөлікке техникалық қызмет көрсету, маркетинг, ақпараттық қауіпсіздік, бағдарламалық қамтамасыз ету, туризм және құрылыс салалары бойынша мамандар даярланады.

БИБАРЫССҰЛТАН БАЛТАБЕКОВ, қатысушы:

— Мен Смирнов №3 орта мектебінен келдім. Байқауға алғаш рет қатысып отырмын. 9-шы сыныпта оқимын. Менің мақсатым – елдің механика саласын дамыту.

Сайыста жеңіске жеткен оқушылар марапатқа ие болады. Сонымен қатар, келесі жылы оқуға түсерде басымдылық иеленеді.

Жаннұр Бектурганова