Sailau banner

Спорт

NIS желілік спартакиадасы: спорт, бірлік және ынтымақтастық

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде желілік спартакиада өтті. Онда Көкшетау мен Қостанайдан келген және петропавлдық командалар күш сынасты. Жарыс волейбол, футзал, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, садақ ату және арқан тарту сынды сайыстардан тұрды.

ДОС ӘУБӘКІРОВ, НЗМ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, Петропавл қаласы:

— Былтыр бұл игі бастаманы алғаш болып Көкшетау Назарбаев Зияткерлік мектебі қолға алып, алғашқы кездесуге ұйытқы болған еді. Сол сәттен басталған эстафета биыл біздің ұжымға табысталып, дәстүр жалғасын тауып отыр. Қазіргі таңда спорттық дода өз мектебімізде ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтуде. Жарысқа НЗМ-нің ата-аналары, ұстаздары және мектеп қызметкерлері белсенді қатысуда.

Спартакиада тек жеңіс үшін емес, желідегі мектептер арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін де маңызды болды. Солтүстік өңірдің мектептері қатысқан шарада адам саны аз емес. Көршілес облыстан, яғни Қостанайдан 20 спортшы келген. Олар өз мектебінің намысын қорғады.

АЛМАС ӨТЕБАЕВ, НЗМ зертханашысы, Қостанай қаласы:

— Үстел теннисінен Көкшетау мен Петропавл қалаларының командалары мықты қарсылас екенін көрсетті. Тартысты өткен бәсекеде, өкінішке қарай, оларға есе жіберіп алдық. Қалған спорт түрлерінде намысты қолдан бермей, сәттілік біздің жағымызда болады деп сенемін.

Жарыс қорытындысы бойынша I орынды қостанайлық команда иеленді. II орынды петропавлдықтар еншілесе, III орынды Көкшетау командасы місе тұтты.

 

Жангельді Жамалиев