Sailau banner

Қоғам

СҚО-ға тасқын қаупі төніп тұр

Аязы мен бораны жауратқан қысты артта қалдырып, шуақты көктемге кіргелі отырмыз. Жылдың бұл мезгілі қарсаңында екі аяқты бір етікке тығатынымыз бар. Еліміздің бірнеше өңіріне, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысына тасқын қауіп төндіреді. Есептеулерге сүйенсек, биыл аймақтағы 112 ауылға қатер келуі мүмкін. Елдімекендердің 50-і өзен мен көлдердің толуынан, ал 62-сі еріген қар суынынан зардап шегуі ықтимал. Бұлардың барлығында 7 мыңға жуық адам тұрады.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:

— Қазіргі таңда су тасқынына әсер ететін метеорологиялық жағдайларды көріп отырмыз. Бүгінде облыстың кіші өзендеріндегі мұздың қалыңдығы – 7-93, ал Есіл өзенінде 49-74 см құрайды. Бұл өткен жылдағыдан 15 см-ге жоғары. Аймақтың көп бөлігінде күзгі ылғал қоры нормадан 24-74%-ға, кей жерлерде 2 еседен асады. Сонымен қатар, Ақжар, Уәлиханов, Қызылжар және Жамбыл аудандарының кей жерлерінде қар 23-42% артық түсті.

Тасқынға әсер ететін тағы бір фактор – топырақтың тас болып қатуы. Бұған да назар аудару керек. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, бүгінде облыс аумағында жердің қату тереңдігі 67 мен 150 см аралығын құрайды, бұл былтырғыдан бақандай 84 см-ге артық екен. Егер күн күрт жылыса, судың басым бөлігі жерге сіңбей қалуы әбден мүмкін.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:

— Наурыз айында орташа ауа температурасы -5-7 градусты құрайды. Бұл нормадан 1 градусқа жоғары. Екінші онкүндікте ауа температурасының түнде +2 градусқа дейін, ал күндіз 7 градусқа дейін біртіндеп көтерілуі болжанады. Айдың соңына таман сынап бағанасы +10-ды көрсетеді деген болжам бар. Сонымен қатар, жауын-шашын мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан көп болады деп күтілуде.

Көктемге жақын облыста ауа райы күрт өзгеруі мүмкін. Топан сумен күрес шараларын пысықтау үшін аймақта 2 наурызға дейін су тасқыны кезеңіне арналған негізгі болжам жария етілмек. Ал төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тізе бүгер емес. Олар қауіпті кезеңге дайындықты күн-түн демей жүргізіп жатыр.

ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

— Осы күнге дейін өңірімізде жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын жер үйіндісі көтерілді және нығайтылды. Су өткізетін құбырлар ауыстырылды. 14 шақырымға созылған арықтар тереңдетілді. Аймақта жедел топтар жасақталады. Олар қауіпті деген аудандарға алдын ала жіберіледі. Жоспарымыз бойынша мамандар наурыз айының басында Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Тайынша сынды аудандарға жол тартады. Мұз жару жұмыстары да көзделген. Бұл істі көктемнің басында бастаймыз.

Сонымен қатар, брифингіде «Қазсушар» кәсіпорнына қарасты жергілікті филиалдың директоры Ержан Құсымбаев баяндама оқыды. Ол өңірдегі қоймалар көктемге дайын екенін мәлімдеді. Болжамға сәйкес, Сергеев торабына биыл 2 млрд текше метр су келеді. Бұл нормадан 1,5 есе жоғары, алайда өткен жылғы көлемнен 2,5 есеге аз.

 

Байболат Құлтанов