Sailau banner

СҚО әкімдігі

СҚО-да жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті

Облыстық әкімдікте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Аталған сала халықтың тұрмысына тікелей әсер етеді. Жиында салынған жолдың сапасы, оны күтіп-ұстау, нысандарды жаңарту сияқты мәселелер көтерілді. Шара шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов ашып, түйткілдерді тез арада шешу қажеттігін айтты.

НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Сапалы жолдар, қауіпсіз тасымал, тұрақты логистика болмаса экономикамыз дамымайды. Сол себепті, аталған салаға ерекше көңіл бөлуіміз қажет.

Аталған салада былтыр ауқымды жұмыс атқарылды. 2025 жылы облыста 1100 шақырымнан астам жол жөнделді. Петропавлдан сонау Египетке дейін тікелей әуе рейсі ашылды. Ұшақтар Бейбарыс сұлтан билік құрған мемлекетке 10 күн сайын қатынай алады. Сонымен қатар, өңірде былтыр 3 теміржол станциясына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек, соңғы 5 жылдың ішінде облысқа 100 жаңа автобус сатып алынған.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

— Аудандардан облыс орталығына 165 қоғамдық көлік қатынайды. Тұрғындарының саны 100-ден асқан елді мекендердің 85 пайызында автобус жүреді. Қызылжар халықаралық әуежайы арқылы теріскейліктер ел мегаполистеріне, яғни, Астана, Алматы, Шымкент қалаларына қас пен көздің арасында жете алады. Билет құны қалта көтерерлік.

Жыл сайын облыста жүздеген шақырым автомобиль жолдары салынады. Оны күтіп-ұстау – бөлек мәселе. Бұл бағытқа өңірде 2 млрд 200 млн теңге бөлінген. Маңызды жұмыспен 30-дан астам серіктестік айналысады. Шара барысында өзекті мәселенің беті ашылды.

ҚАНАТ ӨСЕРБАЕВ, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК СҚОФ директоры:

— Былтыр республикалық маңызы бар 16 жолдан 1500-ден астам сынама алынды. Нәтижесінде 38 пайызы талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. Кемшіліктердің 80 пайызы жойылды. Орталығымыз 2025 жылы облыстағы барлық деңгейдегі жолдарға 200-ге жуық тексеру жұмыстарын жүргізді. Айта кету керек, мердігер объектіні біз келісім бермей тапсыра алмайды.

Айта кету керек, биыл облыста 700 шақырымнан астам жол жөнделмек.

Нұрасыл Ахмет