Sailau banner

СҚО әкімдігі

Мәдениет пен тарихи мұраны дамыту

Петропавлда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алқа отырысы өтті. Жиынға аймақ басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов төрағалық етті. Кездесудің негізгі мақсаты – өткен жылдың нәтижесін қорытындылап, мәдениет пен рухани мұраны дамыту бағытындағы алдағы жоспарларды талқылау.

ДОСБОЛ ӘБДІРЕЙІСОВ, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

— 2025 жыл ұлттық рухани мұраның байлығын айқындайтын мәдениет саласындағы маңызды мерейтойлармен есте қалды. Ел тарихына, мәдениетіне ерекше үлес қосқан тұлғаларды еске алу аясында ұйымдастырылған шаралар қатарында: Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы, Сәбит Мұқановтың 125 жылдығы және Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған мәдени рухани іс-шаралар бар. Биылғы жыл да атаулы әрі мерейлі даталарға толы. Атап айтқанда, жерлесіміз, Қазақстан халық әртісі, опера әншісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы және Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы атап өтіледі.

Өңірде мәдениет инфрақұрылымын дамыту жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр. 2025 жылғы мәліметке сүйенсек, облыста 598 ұйым жұмыс істейді, оның 517-сі – мемлекеттік, 81-і – жекеменшік. Салаға 14,6 млрд теңге бөлініп, 13 нысан күрделі жөндеуден өтті. Ал ағымдағы жылы 14,1 млрд бағытталып, 7 ғимаратты жаңарту жоспарланған. Қуантарлық тағы бір жайт, ауылдық жердегі нысандар ұмыт қалып жатқан жоқ.

НҰРБЕК НӘБИЕВ, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

— 2023 жылы Ысқақ Ыбраев ауылында жаңа мәдениет үйі ашылды, ал 2025 жылы Ақсу ауылында ауыл клубы пайдалануға берілді. Биыл Крещенск ауылдық клубында жөндеу жұмыстары басталмақ. Құжаттары әзірленіп жатыр.

Айыртаудағы «Ботай» музей-қорығы – әлемдік маңызы бар бірегей археологиялық ескерткіш. Ол дала өркениетінің ордасы десек те болады. 2021-2023 жылдары Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысында жүргізілген қазба жұмыстары барысында 4 мыңға жуық артефакт табылып, олар талдаудан өтті. 2026 жылға жоспар ауқымды. Биыл тарихи мекенге табан тигізетін қонақтардың санын арттыруға басымдық беріледі.

СӘБИНА ӘМІРОВА, «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:

— Есепті кезеңде музей экскурсиялық қызмет пен ғылыми-ағартушылық бағытты жандандырып, мазмұнды көрмелер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырды. Сонымен қатар, халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми конференцияларға қатысып, кәсіби байланысын кеңейтті. 2026 жылы музей қызметі кешенді жаңғыруға бет бұрады. Негізгі басымдық ғылыми әлеуетті арттыруға, инфрақұрылымды нығайтуға және нысанның туристік тартымдылығын күшейтуге бағытталады.

Жиын қорытындысында Жүсіп Жұмағұлов мәдениет саласын дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыру маңызды екенін айтты.

Жангельді Жамалиев