Sailau banner

Спорт

Жамбыл ауданында «Солтүстік-2026» қысқы спорт мерекесі өтті

Өңірімізде «Солтүстік-2026» қысқы спорт мерекесі өтті. Биыл жылдағы жарыстың жалауы Жамбыл ауданында желбіреді. Доданың ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жергілікті әнші-бишілер сүйектен өтер суыққа қарамастан өнер көрсетіп, жиналған қауымның, спортшылардың көңілін көтерді.
Спортшыларды жұртшылық білуі тиіс. Ашылу салтанаты барысында аудан командалары әуеннің сүйемелдеуі, қауымның қошеметімен ортаға шақырылды. Үздіктердің аты-жөні аталды. Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов сөз сөйледі. Ол жұртшылықты мерекемен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі, срорттың маңызын атап өтті.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Спорт ардагерлері мен жас спортшылардың бір сапта тұруы – ерекше қуаныш. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының, табандылық пен жігердің жарқын көрінісі. Өйткені, спорт пен дене шынықтыру – салауатты өмір салтының берік негізі. Дені сау ұлт қана биік белестерді бағындырады.

Қысқы спорт мерекесі спорттың 7 түрін қамтыды. Хоккей, шорт-трек, шаңғы жарысы және футзал. Осылар бойынша сайыс Пресновкада өтті. Ал қалған 3 түрі бойынша Петропавлда мықтылар анықталды. Биылғы қатысушылардың жалпы саны 700-ден асып жығылады.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

— Спортшыларымыздың қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Өңірде соңғы жылдары керлинг командалық ойыны да кеңінен дамып, жастар арасында танымал бола бастады. Соның арқасында спортқа тартылған қатысушылар саны артты.

Қуантарлық тағы бір жайт – аудандарда қажетті нысандардың салынуы. Бұл жаттығу жасауға және жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Жангельді Жамалиев