Sailau banner

Спорт

Шапшаңдардың шама-шарқы сыналған шорт-трек жарысы

«Солтүстік-2026» қысқы спорт мерекесі аясында Пресновка ауылында шорт-тректен жарыс өтті. Бұл – шапшаңдардың шама-шарқы сыналған жарыс. 13 ауданның намысын 78 спортшы қорғады. Іріктеулердің нәтижесінде үздіктер финалға шақты. Финал әрқашанда тартысты өтеді. Жеңіс үшін жанталасқан спортшылар, қиқулаған жанкүйерлер. Мұз аренасының ішінде нағыз тартыс орнады. Бұл – қысқы спорт мерекесінің көркі.

ВИТАЛИЙ ЗАГОРОДКО, жарыстың бас төрешісі:

— Қатысушылар өз мүмкіндіктерін толық көрсетті. Жеңіске деген талпыныстары айқын байқалды. Бұған біз де, жанкүйерлер де қуаныштымыз. Қысқы спорт мерекесінің өзіндік тәртібі бар. Біз бірінші орынан бесінші орынға дейінгі нәтижелерді ресми тіркеп, ұпай және жүлде ұсынамыз. Соңында жинақталған ұпайлар жалпы қорытынды кезінде есепке алынады.

Яғни, шорт-трек жарысында еншілеген ұпайлар қандай да бір ауданды алға сүйреп, жалпыкомандалық есепте көш басына шығаруы мүмкін. Сондықтан зымыранша зулаған спортшылар өз қашықтықтарында әр метр, әр секунд үшін тартысты.

ӘСЕЛ ҚҰРТАНОВА, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:

— Мен Қызылжар ауданының намысын қорғадым. Финалға шығу қиын болды, қарсыластарым мықты дегім келеді. Әр айналымда бар күшімді жұмсадым. Өзім футбол ойнағанды жаным сүйеді. Бұрын-соңды шорт-трекпен айналысқан жоқпын. Соған қарамастан екінші орынға қол жеткіздім. Қуанышым қойныма сыймай тұр.

Шорт-тректе жеңімпазды мәре сызығын кескенше дейін анықтау мүмкін емес. Мұз сырғанақ. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан спортшы бұрылыстардың бірінде жығылып, уақыт жоғалтуы мүмкін. Сондықтан, техника да маңызды рөл атқарады.

ҚУАТ ЖОЛДЫБАЕВ, жаттықтырушы, Қызылжар ауданы:

— Осындай жарыстарға біз дәстүрлі түрде қатысып келеміз. Қыздар құрамасын да, ұлдар құрамасын да әкелдік. Талап бойынша спортшылар 333 және 500 метрді бағындырады, тағы командалық эстафета бар. Бұлардың барлығы қосылады. Есептеулерімізге сәйкес, көш басынан көрінуіміз қажет.

Қорытындыға келейік. Шорт-трек жарысында қызылжарлықтар жеңімпаз атанды. Жамбыл ауданы екінші сатыға жайғасса, үздік үштікті ақжарлықтар түйіндеді.

Жангельді Жамалиев