Sailau banner

Спорт

Өңір бокшылары Астанада топ жарды

14-18 ақпан аралығында Астана қаласында бокстан Ауған соғысының ардагері Борис Керімбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Моңғолия мен Өзбекстаннан келген спортшылар қатысты. Аталмыш сайыста өңір намысын 6 былғары қолғап шебері қорғады. Солардың қатарында Никита Косторнов бар. Жұдырығы жойқын спортшы турнирде 3 кездесу өткізіп, 2-еуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Сайыс қорытындысы бойынша жерлесіміз алтыннан алқа тағынды.

НИКИТА КОСТОРНОВ, халықаралық турнир жеңімпазы:

— Біз аталмыш додаға жақсы дайындалдық. Арнайы оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Турнирде 85 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтастым. Жарыста әлсіз қарсылас болмады. Барлығы мықты. Финалдық жекпе-жек маған қиынға соқты. Бірақ мен айқын басымдықпен жеңіске жеттім. Сөйтіп турнир чемпионы атандым. Алдағы мақсат айқын, ол – ұлттық құрамаға шақырту алу. Әлі салмақ қосқым келеді. Сол себепті тыңғылықты дайындық қажет.

Аталмыш сайыста тағы бір жерлесіміз – Диас Смағұлов топ жарды. Ол жарыс барысында қарсыластарынан оқ бойы оза шауып, 75 келі салмақ дәрежесінде турнир жеңімпазы атанды.

ДИАС СМАҒҰЛОВ, халықаралық турнир жеңімпазы:

— Турнир өте керемет өтті. Өзіме қатты ұнады. Турнирде 3 кездесу өткіздім. Бір Алматы және екі Астана қаласының өкілдерімен қолғап түйістірдім. Осы турнирға мен 1 ай дайындалдым. Спаринг өткіздім, қателіктермен жұмыс істедім.

Бас бапкер Дения Языковтың айтуынша, турнирде өңір спортшылары жақсы нәтиже көрсетті. Жалпы, сайыста жерлестеріміздің қоржыны 2 алтын және 2 қола жүлдемен майланды.

ДЕНИС ЯЗЫКОВ, бокстан СҚО аға жаттықтырушы:

— Оқу-жаттығу жиыны Петропавл қаласында өтті. Біз физикалық дайындыққа аса қатты мән бердік, сонымен қатар қызу спаринг ұйымдастырдық. Біздің өңірде ересектер боксы енді-енді дамып келеді. Спортшыларымыздың халықаралық турнирлерде жүлделі орын алмағандарына біраз болған еді, осы жолы шәкірттерім жақсы өнер көрсетті.

Алдағы уақытта теріскейлік былғары қолғап шеберлері наурыз айының соңына қарай Астана қаласында өтетін студенттік лига сайысына қатыспақшы.

Ұлан Ыдырыс