Sailau banner

Қоғам

Облысқа жұмыс сапарымен жалпыұлттық коалиция мүшелері келді

Өткен күндері облысқа жұмыс сапарымен жалпыұлттық коалиция мүшелері келген болатын. Олардың ішінде Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов, Дмитрий Колода, Аян Зейнуллин бар. Осы орайда арнайы топ Петропавл ауыр машина жасау зауытында болып, жұмысшы азаматтармен кездесті. Оның барысында жаңа Конституция жобасының ерекшеліктерін атап өтіп, еңбекші қауымның сұрақтарына жауап берді.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Мен жалпыұлттық коалиция мүшесі ретінде референдумның маңыздылығын айттым. Саяси науқаннан Қазақстанның ешбір тұрғыны қалыс қалмауы керек. Себебі, жаңа заңнама халық үніне құлақ асатын үкімет құруға негізделген. Сонымен қатар, неке институты бекітілді. Оны Парламент Мәжілісінің депутаттары ұсынған болатын.

Бүгінгі іс-шараға қатысып отырған жандардың бірі – Михаил Журавлев. Ол Петропавл ауыр машина жасау зауытында 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ер азамат бүгінгі кездесуден түйгенім мол дейді. Айтуынша, ол бұған дейін Конституция новеллалары жайлы ақпаратты тек әлеуметтік желілер арқылы ғана білген.

МИХАИЛ ЖУРАВЛЕВ, Петропавл ауыр машина жасау зауытының жұмысшысы:

— Топ мүшелері өте сапалы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Осыған дейін Ата заңның жаңа жобасы жайлы алып-қашпа әңгімелерді ғана естейтін едім. Бүгін өз сұрақтарыма нақты жауап алдым. Сөз бостандығы, неке институты сынды салалар маған аса қатты ұнады.
Алдағы референдумға міндетті түрде қатысып, өз қолдауымды білдіремін.

Жалпыұлттық коалиция мүшелері өзге сала мамандарымен де кездесуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ауылдарды аралап, халықтың конституциялық реформа туралы сұрақтарына жауап бермек.

 

Ұлан Ыдырыс