Sailau banner

Қоғам

Құтқарушылар Бірлік шағын ауданындағы үйлерге датчик орнатты

Алу да, тағу да оңай дүние бүтін бір отбасын оттан да, көзге көрінбейтін улы иістен де құтқарады. Өткен жылы өңірде осы датчиктің даусынан 3 отбасы дер кезінде оянған. Нәтижесінде 13 адамның өмірі құтқарылды.

ДУМАН ДІЛДАБАЕВ, Петропавл қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:

— Құрылғыны кез келген адам өзі сатып алып, орната алады. Түк қиындығы жоқ. Оны пеш тұрған бөлмеге емес, адамдар көп уақытын өткізетін жерге, әсіресе жатын бөлмеге орнатқан дұрыс. Себебі, пештің жанында тұрған құрылғы от жаққан кезде аз ғана түтін шықса болды, іске қосылып кетуі мүмкін.

Өрттің дені жер үйден шығады. Оның негізгі себебі – пешті дұрыс пайдаланбау немесе пештің бүтін болмауы. Бірнеше күннің ішінде құтқарушылар 200-ге жуық датчик орнатты. Соның бірі Бірлік шағын ауданының тұрғыны Наталья Климованың үйіне қойылды.

НАТАЛЬЯ КЛИМОВА, Бірлік шағын ауданының тұрғыны:

— Мамандар келіп, қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, датчик орнатуда. Оларға көп рақмет. Құрылғының қалай жұмыс істеп, түтін кезінде дыбыс шығаратынын білдім. Өте тиімді құрылғы екен.

Бірлік шағын ауданында 700-ге жуық үй бар. Алдағы екі апта ішінде мамандар әр үйді аралап шығуды жоспарлап отыр. Ал жыл басынан 3 мыңнан астам үйге датчик орнатылған.

 

Мәдина Қаби