Sailau banner

Спорт

Каратешілер күш сынасты

Петропавлда Мейбукан Годзю-рю карате-додан дәстүрлі ашық облыс чемпионаты өтті. Жас спортшылардың басы қосылған жарыс Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне арналды. Оған жапондардың жекпе-жегіне әуес 120 теріскей ұл-қыз қатысты.

ЕВГЕНИЙ МАКСИМОВ, “Мейбукан Годзю-рю карате-до федерациясы” РҚБ СҚО бойынша филиалының директоры:

— Бүгінгі спорттық шараның маңызы зор. Мен жарысты батылдық, патриоттық сезім қалыптастыру сабағы деп түсінемін. Біздің міндет – мықты ұрпақ тәрбиелеу. Бұл қолымыздан келіп жатыр деп ойлаймын. Бүгінгі чемпионатта 4 пен 15 жас аралығындағы балалар күш сынасады. Бұған қуанымыз қажет.

Облыс біріншілігіне келген әрбір жастың мақсаты – жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көріну. Алтыннан алқа тағынуды көздеген ұл-қыздар көз тоярлықтай өнер көрсетті. Қылықты кішкентайлардың қимылдары, ересектеу спортшылардың жойқын соққылары жоғары бағаға лайықты болды.

Көптің арасында 9 жастағы Елисей Мазеев те бар. Ол кимононы 3 жыл бұрын киіпті, азды-көпті жетістікке жеткен. Жеткіншек бұл жолғы жарыста да атой салып, үйде тақым қысқан ата-анасын қуантқысы келеді.

ЕЛИСЕЙ МАЗЕЕВ, жарысқа қатысушы:

— Мен Ярославпен күш сынастым. Техникалық тұрғыда мықты бала. Оның осал тұстарын зерттеп, аяқпен, қолмен соққылар жұмсадым. Жеңіс маған бұйырды. Үйге жүлдемен қайтқым келеді.

Ашық облыс чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль және кубоктармен марапатталды. Ал басты жүлде – наурыз айында Ресейде өтетін халықаралық жарысқа жолдама. Яғни, Петропавлда үздік атанған каратешілер көрші елде Қазақстанның намысын қорғайды, көк туымызды биікте желбірету үшін сынға түседі.

 

Байболат Құлтанов