Ел Конституциясының жаңа жобасында табиғатты қорғау және оған жанашырлықпен қарау мәселесіне айрықша мән берілді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында 34-бапта әр азаматтың табиғи байлықтарға ұқыпты қарау парызы нақты көрсетілген. Ал мемлекеттің басты міндеті – қоршаған ортаны қорғау арқылы адам өмірі мен денсаулығына қолайлы жағдай жасау. Өңіре республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл игі іске Новоишимка аграрлық-техникалық колледжінің ұжымы да белсенді атсалысады. Колледж инспекторы Алмагүл Нұрқанова жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру – уақыт талабы екенін айтады.
АЛМАГҮЛ НҰРҚАНОВА, Новоишим аграрлық-техникалық колледжінің инспекторы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
— Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Конституцияда әр азаматтың қолайлы қоршаған ортаға құқығы және табиғатқа ұқыпты қарау міндеті бекітілген. Оқытушы әрі аудан белсендісі ретінде жастардың рөлі ерекше екенін анық байқаймын. Бүгінде олар сенбіліктердің, көгалдандыру акцияларының бастамашысына айналып, қоршаған ортаға жанашырлық танытып жүр. “Таза Қазақстан” – тек көшелер мен саябақтардың тазалығы емес, бұл – мінез-құлық мәдениеті, өзгенің еңбегіне деген құрмет.
Колледж студенттері сенбіліктерге тұрақты түрде қатысып, ескерткіштер мен киелі орындардың аумағын тазалап, абаттандыру жұмыстарына үлес қосуда. Сонымен қатар, оқу орнында экологиялық тәрбие бағытында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар да жүйелі жүргізіледі.
АЛМАГҮЛ НҰРҚАНОВА, Новоишим аграрлық-техникалық колледжінің инспекторы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
— Азаматтық белсенділік жеке үлгіден басталады. Егер ұстаз, ата-ана, басшы табиғатқа жанашыр болса, жастар да соны бойына сіңіреді. “Таза Қазақстан” – бұл Конституция нормасы ғана емес, бұл – ар-ұждан өлшемі, күнделікті өмір салты. Бұл – біздің ортақ таңдауымыз. Мен жаңа Конституцияны толық қолдаймын. Онда қоғам дамуына серпін беретін жаңа бағыттар айқындалған. Бұл құжат мемлекетіміздің болашағына оң өзгеріс әкеледі деп сенемін.
Бүгінде Новоишим аграрлық-техникалық колледжінде 170-тен астам студент білім алуда. Жастардың белсенділігі – ел ертеңінің кепілі.
Жангельді Жамалиев
