Петропавлда қазақтың ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналып волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Турнир тарихи тұлғаның есімі берілген 25-ші орта мектепте өтті. Оған қалалық білім ұяларында оқитын оқушылардың ата-аналары қатысты. Турнирде барлығы – 9 команда тартысқа түсті. Ата-аналар жарысқа жақсы дайындықпен келіп отыр. Жұмысбасты жандардың спортқа да баса мән беретіні қуантады. Гүлбану Шоқыбаеваның 3 баласы әл-Фараби мектеп-лицейінде оқиды. Нәзікжандының айтуынша, аталған білім ұясында волейболдан жарыс жиі ұйымдастырылады. Өзі жиі қатысатындықтан біраз машығы қалыптасқан.
ГҮЛБАНУ ШОҚЫБАЕВА, турнирге қатысушы:
— Менің үш балам да әл-Фараби мектеп-лицейінде оқиды. Үшеуі де спортшы. Жиі кешке мектепке барып, волейбол ойнап, жаттығамыз. Бүгін жеңіске жетеміз деген ойдамын.
Ойын барысында тартысты сәттер көп болды. Қарсыластар бір-біріне дес бермей, әр ұпай үшін бар күштерін салды.
БЕЙБІТ ЖҮНІСОВ, турнирдің бас төрешісі:
— Волейболдан ата-аналар арасында мұндай жарыс ешқашан ұйымдастырылған емес. Осы жылы өткізіп, барлығын жинауды жөн көрдік.
Таңертең басталған ойын кешке дейін жалғасты. Жарыс соңында Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің командасы жеңіске жетті. Екінші орынды 25-ші білім ұясының өкілдері еншілесе, 26-шы мектеп оқушыларының ата-аналары үшінші орынға тұрақтады.
Мәдина Қаби
