Sailau banner

Қоғам

Жүгерінің көмегімен сүт өндірісін дамытуға болады – сарапшы

Солтүстік Қазақстан облысында да жүгері өсіруге болады. Астық тұқымдас өсімдікті қара малға берсе, мол көлемде сүт өндіре аламыз. Бұл туралы Петропавлда өткен агросеминарда айтылды. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен диқандар келді. Маңызды шараны ресейлік “Август-Агро” АҚ ұйымдастырған.

МАРАТ ХАЛИУЛЛИН, “Август-Агро” АҚ сату бойынша департаментінің басшысы, РФ:

— Біз қазақстандық диқандармен тығыз байланыстамыз. Әр өңірде филиалымыз бар. Компания табыс тауып қана қоймай, әріптестерімізге бар білгенімізді үйреткіміз келеді. Біз сиырларымызға тек жүгері береміз. Соның арқасында күніне 220 мың тоннадан астам сүт өндіреміз.

СҚО-ның климаты Ресейдікімен ұқсас. Жауын-шашын да көп түседі. Компания өкілдерінің сөзінше, мол көлемде өнім алу үшін түрлі гибридтер мен химиялық қоспаларды пайдалану қажет. Бұл өсімдікті түрлі аурулардан қорғайды. Ең бастысы, құнарлылығына еш әсер етпейді.

НАТАЛЬЯ КОЗЛОВА, “Август-Агро” АҚ бас директорының орынбасары, РФ:

— Сиырға жүгері беру арқылы сүт өнімділігін арттыруға болады. Аталған өсімдік крахмалға бай. Тек оны дұрыс мөлшерде және уақытымен беру қажет. Егер талапты сақтамасаңыз қара малдың асқазанына зақым келуі мүмкін. Солтүстікқазақстандық диқандарға мен айтқан ақпар қызықты болады деп ойлаймын.

Теріскейлік шаруалар білікті мамандардың айтқанын ұйып тыңдады. Араларында жүгері өсіруді жоспарлап отырғандары да бар.

 

Нұрасыл Ахмет