Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев ПИК төрағаларымен кездесті. Жиында 2-ші наурыздан бастап «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заң күшіне енетіні айтылды. Құжатта аталған ұйым өкілдерінің тәртіп сақшыларымен өзара іс-қимыл бағыттары нақты айқындалған. Бұл өзгеріс қылмыс туралы дер кезінде хабарлауға мүмкіндік береді.
МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:
— Бірнеше жыл бойы учаскелік полиция инспекторлары ПИК төрағаларымен тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. “WhatsApp” мессенджерінде 750-ден астам чат құрылған. Онда 177 мыңнан астам азамат бар. Ортақ байланыстың арқасында биыл 39 қылмыс пен 19 ұрлықтың бетін аштық.
Сондай-ақ, бұдан былай төрағалар техникалық қауіпсіздікті күшейтуге ықпал ете алады. Бүгінде Петропавлда 1200-ден астам көпқабатты баспана бар. Оның 450-ге жуығында ғана бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл бағытта бірлескен жұмысты жалғастыру қажет. Жақсы жарықтандырылған аула мен заман игіліктері ұрлық, тонау, вандализм сияқты қылмыстардың алдын алуға ықпал етеді. Айта кету керек, жаңа заң тәртіп сақшылары мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі.
