Sailau banner

Құқық қорғау органдары

Петропавлда 15 есірткі граффитиі жойылды

Петропавл қаласында “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы және “Қауіпсіз қала” жобасы аясында “Нашақорлыққа жол жоқ!” атты акция ұйымдастырылды. Қоғамның ой-санасын улап, залалын тигізіп тұрған есірткінің алдын алуға арналған шараға прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен белсенді жастар қатысты.

ОРАЗГЕЛДІ МҰСАФАР, CҚО прокуратурасының басқармасы прокуроры:

— Соңғы екі жылда біз 2 мыңнан астам есірткі граффитиін анықтап, жойдық, наркодүкендердің қызметімен байланысты 1500-ден астам интернет-ресурсты бұғаттадық. Бұдан бөлек, прокуратураның үйлестіруімен құқық қорғау органдары наркодүкендерге тиесілі 2 мыңнан астам банк шотын анықтап, бұғаттады, сондай-ақ осы шоттарда болған 60 млн теңгеден астам ақша қаражатына тыйым салынды.

Арнайы топ көліктерге мініп, қаланың ішін аралады. Мақсат – тұрғындарға ақпараттық парақшалар тарату және қабырғаларға, қоршауларға жазылған есірткі жарнамаларын бояу. Қолдарына бояғыш баллон ұстаған жастардың сөзінше, жазбалар Жұмысшы кентінде, Ойқалада және гараждар орналасқан аумақта жиі кездеседі екен. Осы орайда белсенділердің халыққа айтары бар.

ДАМИР ӘБДИН, Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:

— Нашақорлықтың алдын алу үшін қала тұрғындарына арнайы байланыс нөмірлері көрсетілген жаднама қағаздар таратамыз. Адамдар күмәнді ақпарат немесе жарнамаларды байқаса, хабарласа алады. Бүгін акцияға 30-дан астам ерікті қатысты. Салауатты өмір салтын ұстанатын жастар мұндай бастамалардан қалыс қалмайды.

Бұл есірткінің алдын алуға арналған алғашқы акция емес. Құқық қорғау органдарының өкілдері мен жастар алдағы уақытта да осындай шаралар өткізбек.

 

Жаннұр Бектурганова