Sailau banner

Қоғам

Есіл ауданында «Қауіпсіз ауыл» акциясы аясында өрттің алдын алу жұмыстары күшейтілді

Жыл басынан бері Есіл ауданында 3 өрт оқиғасы тіркелген. Әдеттегідей жеке тұрғын үйлер отқа ораныпты. Жалынның шығу себебі белгілі – пештерінің талапқа сай болмауы, электр сымдарының ескіруі. Халық әлі де қарапайым қағидаларға қол сілтей қарайды. Осыған байланысты ауданда профилактикалық шаралар күшейтілді.

НҰРБОЛ ЕЛУБАЕВ, Есіл ауданы ТЖ бөлімінің аға анықтаушысы:

— Ауданымызда әлеуметтік осал санатқа жататын тұрғындарды өрттен, улы газдардан қорғау, тілсіз жаудың шығуына жол бермеу мақсатында үйлерге арнайы датчиктер орнатылды. Біздің қолымызда тізім бар. Оған 848 баспана кірген. Қауіпсіздік құралдары әрбір нысанға қойылды, яғни тұрғындар 100 пайыз қамтылды.

«Сақтансаң, сақтаймын» деген бар. Алақандай ғана затқа атүсті қарамау қажет. Бұл – адамның өмірін сақтаушы. Тұрғындармен тілдесу барысыныда мамандар мән-жайды түсіндіріп өтті.

ӘЛИЯ ИЩАНОВА, Қаратал ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

— Ауылымызда 19 үй бар. Сол үйлердің барлығына тегін түрде дабыл қағатын арнайы құрылғылар орнатылды. Бұл – өте құптарлық іс. Әсіресе түнгі уақытта улы газдың таралуынан сақтануға үлкен септігін тигізеді.

ДАЛАБАЙ ҚАБДУАЛИЕВ, Николаев ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

— Біздің Николаев ауылдық округінде 440-қа жуық үй бар. Аталған шара Есіл ауданының төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы әлеуметтік осал топтардың үйлеріне 20 датчик орнатылған болатын. Ал биыл шаруашылықтардың қолдауының арқасында 100-ге жуық датчик алынды. Сонымен қатар төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан тағы 30 датчик берілді. Нәтижесінде жалпы саны шамамен 150 өрт қауіпсіздігі датчигі орнатылды.

Есіл ауданында тегін дабылқаққышпен қамтылатын әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың саны артуы мүмкін. Қазір тізім толығып жатыр. Қатарға қосылатындар: жалғыз тұрып жатқан зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар.

 

Жангельді Жамалиев